Трамп Киевке Tomahawk зымырандарын беруді қазір қарастырмайтынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп ұшақта журналистер сауалына жауап беріп тұр. 31 қазан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп қазіргі кезде Украинаға Tomahawk қанатты зымырандарын беру мүмкіндігін қарастырмайтынын мәлімдеді. Журналистер сауалына жауап берген Трамп бұл ұстанымы уақыт өте өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармады, бірақ әзірге бұл сұраққа "жоқ" деген жауап айтты.

Бұған дейін ол Украинаға Tomahawk беру мәселесіне қатысты, мүмкін, шешім қабылдап қойғанын, алайда алдымен Киев бұл зымырандарды қандай нысаналарға қолданатынын білгісі келетінін мәлімдеген еді. Сонымен бірге Трамп мұндай қадам "айтарлықтай ушығуға" әкелетінін айтқан. Кейбір комментаторлар Трамп қазан айының ортасында Владимир Зеленскиймен кездескен кезде Украинаға зымыран жеткізу жөнінде хабарлауы мүмкін деп топшылаған. Алайда ол долбар расталмады: кездесуден кейін Зеленскийдің сөзінен Tomahawk тақырыбы әзірге кейінге қалғаны аңғарылған еді.

Бұған қоса Трамп Ресейдің бұғатталған активтеріне қатысты талқылауға қатыспайтынын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп: Путинмен Украина бойынша келісім жасалатын болса ғана кездесемін

Мәскеу бұған дейін Украинаға Tomahawk зымырандарын беру мүмкіндігіне үзілді-кесілді қарсылығын білдіріп, мұндай шешім соғыс барысына әсер етпейтінін, есесіне АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасын бұзатынын ескерткен.

CBS телеарнасына берген сұхбатында президент Трамп өз пікірінше, түптің түбінде Ресей Украинадағы бейбітшілікке келіседі деп тағы да айтты. Оның сөзінше, бұған Мәскеуге экономикалық қысым жасау және соғыстан кейін АҚШ пен Ресей арасында өзара тиімді сауда қатынастарын орнату ықпал етуі мүмкін.

Трамп сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпинді "қатал әрі ақылды" адамдар, "ойнауға болмайтын мықты лидерлер" деп сипаттады.