Егер Кабул Баграм әуе базасын Вашингтонға қайтарудан бас тартса, "ауыр салдарға" ұшырайтын болады. АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social платформасында жариялаған мәлімдемесінде Ауғанстанды осылай деп ескертті. Трамп 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін америкалықтар салған база АҚШ-қа қайтарылуы тиіс деп есептейді.
Трамптың айтуынша, Вашингтон кейінгі күндері бұл мәселені Ауғанстан тарапымен талқылаған. Ол базаны қайтару үшін әскери күш қолдану ықтимал екенін жоққа шығармаған. "Біз бұл туралы ашық айтпаймыз. Егер Ауғанстан мұны жасамаса — менің қандай қадамға баратынымды көресіздер", – деді ол.
Баграм әуе базасы АҚШ армиясы Ауғанстанда 20 жылға жуық болған кезде негізгі тірек орны болды. Бұл жер жай база ғана емес, мейрамханалары, дүкендері және түрме кешені бар тұтас әскери қалаға айналған еді. 2021 жылы АҚШ әскері Ауғанстаннан шыққаннан кейін Баграм да, басқа базалар сияқты, Ауғанстанда билікті басып алған және әлемнің көптеген елінде террористік ұйым деп танылған "Талибан" қозғалысының бақылауына өткен.
Ауған билігі америкалықтардың қайта оралуына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Сарапшылар Баграмды қайтадан алу іс жүзінде Ауғанстанға жаңа басқыншылық жасаумен пара-пар болуы мүмкін дейді. Базаны қайтарып алу үшін АҚШ-қа кемінде 10 мыңнан астам сарбаз және қазіргі заманғы әуе қорғаныс жүйелері қажет болады.
Бұған қоса сарапшылар Баграм базасын қайта іске қосу үшін орасан ресурс пен оны қорғауға ауқымды контингент қажет болатынын айтып отыр. Тіпті "Талибан" келісім берген күннің өзінде де, АҚШ әскері Ауғанстан аумағында әрекет ететін "Ислам мемлекеті" мен "Әл-Қаида" сынды террорлық ұйымдардың тарапынан төнетін қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Ішкі қауіп-қатерлерден бөлек, Баграм базасының сыртқы шабуылдардан қорғанысы да осал болуы ықтимал. Сарапшылар маусым айында Иран АҚШ-тың Қатардағы ірі әуе базасына әуе шабуылын жасағанын еске салды. Иран сол кезде өзінің ядролық нысандарына АҚШ жасаған әуе шабуылдарына жауап ретінде зымырандар атқан еді.