Тоқаев "халыққа ақыл айтатындарды" сынап, олардың жеке деректері анықталып жатқанын айтып, сес көрсетті

Көрнекі сурет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында әлеуметтік желіде "халыққа ақыл айтатындар" көбейіп кеткенін алға тартып, "қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде" қалыптасуы керек деп мәлімдеді.

– Қазір әлеуметтік желі арқылы халыққа ақыл айтатындар көбейіп кетті. Олардың арасында жалған ақпарат таратып, жұртты адастыратын адамдар аз емес. Осындай санасыз, пиғылы арам адамдардың теріс ықпалына түсіп, кейбір жастар ғаламторда неше түрлі өсек немесе халықты арандатуды көздейтін материалдар жаза бастады. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Тиісті мекемелер заманауи технологияларды пайдалана отырып, осындай деструктивті жазбаларды жазатын адамдардың аты-жөнін, тұратын жерін, бәрін анықтап алып жатыр" деді Тоқаев.

Мұндай жастармен әзірге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, алайда "мұндай әрекеттер жалғаса берсе, тиісті мекемелер заң мен тәртіп тұжырымдамасын орындау үшін басқа шара қолдануға мәжбүр болады" деді президент.

"Үкімет пен әкімдердің қызметінде олқылық мүлдем жоқ деп ешкім айтпайды, бірақ олар туралы пікір айтқан кезде халықты арандатпай, қоғамды шулатпай, салмақты және саналы пікір айту қажет. Еліміздің тұрақтылығы, бұл – ең маңызды басымдық. Кез келген мәселе жайлы қоғамдық пікір білікті мамандардың көзқарасы негізінде қалыптасуы керек" деп Ақорда президенттің сөзінен үзінді келтіреді.

Дегенмен президенттің "жалған ақпарат таратушылар мен арандатушылар" деп нақты кімді айтқаны белгісіз. Ешқандай аты-жөн, ұйым айтылған жоқ.

Қазақстанның екінші президенті билікті сынаушыларға қатысты жиі мәлімдеме жасайды. Мысалы, биыл сәуірде "әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргендер" туралы айтқан. Ол сонымен бірге "күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтарды" да сынаған. Бірақ мәлімдемесінде ешқандай мысал келтірген жоқ.

Наурызда ұлттық құрылтай кезінде Тоқаев көптеген елге "демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ" күштеп "таңылғанын" айтқан.