Сынға ұшыраған әншінің Қазақстандағы концерттері өтпейтіні хабарланды

Әнші Akmal-дың концертіне билет сататын сайттан скриншот

Ресей эстрадасының өкілі Akmal-дың Қазақстанның екі қаласындағы концерттері өтпейтін болды. Бұл жөнінде концерт ұйымдастырушылары хабарлады. Мұның алдында әнші сахнадағы сөзі үшін қазақстандықтардың сынына қалған.

27 қазан – Өскеменде, 28 қазан – Павлодарда өтетін Akmal-дың концерттеріне билет алғысы келген адам ресми сайттан "Концерт болмайтын болды, ақшаны қайтару бойынша ақпаратты кейінірек хабарлаймыз" деген жазуды оқиды. Мұның алдында әнші Instagram-парақшасында Өскемен қаласында түсірілді деген сторис жариялаған. Екі қаладағы концерттер неге болмай қалғаны түсіндірілмеді.

Әншінің 25 қазанда Қостанайда өтеді деп жоспарланған концерті де болмай қалған. Билет сатылатын сайтта "25 қазан таңертең Жастар сарайында апатты жағдайда электр жарығы сөніп қалғандықтан... концерт кейінге қалдырылады" деп жазылған.

Желіде таралған видеода далада жиналған жұрт алдына шыққан Akmal концерт өтпейтініне "ешкім кінәлі емес екенін" айтады. "Қазір жарықты қосса, жарты сағат ішінде дайындалып, ән салып берер едік. Өкінішке қарай, техникалық жағынан бұл мүмкін емес" дейді әнші.

Жергілікті ақпарат құралдары мұның алдында Қостанай әкімдігі қаланың кей аудандарына электр энергиясын жеткізуде қиындықтар болып жатқанын хабарлаған бірақ кейін тек филармониядан басқа жерде электр энергиясын беру қалпына келтірілгенін айтқан. "Наш Костанай" басылымының жазуынша, қалада Akmal-дың екі концерті өтуі тиіс еді.

Бұдан бұрын Akmal-дың Петропавлдағы концертте көрермен берген сыйлыққа реакциясы көп сынға қалған. Әнші көгілдір және сары түсті пакетке салынған сыйлықты алып жатып "Мына пакетті жағып жіберіңізші, түсі ұнамай тұр" дейді.

Оның бұл сөзі қазақстандықтардың шамына тиген. Кейбіреулер Akmal сыйлықты Украина туының түсіне ұқсатып, ол елге деген қарсылығын білдірді десе, басқалары "ол Қазақстанның мемлекеттік символдарын сыйламады" деп реніш білдірген. Желі қолданушылары арасында оның концерттерін өткізбеу керек деген пікір көп айтылған.

Akmal – Түркіменстаннан шыққан, тегі ұйғыр әнші Акмал Қожаниязовтың сахналық есімі. Ресейдегі ән байқауларына қатысып, сол елде танылған әнші көбіне орыс тілінде ән шырқайды.