Your browser doesn’t support HTML5
Тарих оқулығындағы Назарбаев бейнесі қалай өзгерді?
Қазақстанды отыз жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп қалдырғаннан кейін де билікке ықпалын жүргізіп отырды. Сол кезде елде Ақорда мен Назарбаев отырған "Кітапхананың" қос билігі орнады деген әңгіме айтылатын. Бірақ 2022 жылдың басында кемінде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы жағдайды өзгертті.
Қазір зейнет жасына жеткен Өмір Шыныбекұлы Қаңтар оқиғасы болған кезде Шымкенттегі мектептердің бірінде тарих пәнінен сабақ беріп жүрген. Ол сол уақытта 9-сыныптың Назарбаевқа арналған сабақтары дәл қаңтар айына тұспа-тұс келгенін айтады. Шыныбекұлы оқулықта Назарбаев "теңдессіз тұлға" екені жазылған, ал өмірдегі жағдай мүлде басқа еді деп еске алады.
Өмір Шыныбекұлы
– Бәлен жыл біздің қоғам керемет деп келген иллюзия бір-ақ сәтте тас-талқан болды. Сол күндері мектеп оқушылары да, біз де демалыста едік. 10 қаңтар шамасында сабақ басталды. Тура сол кезде 9-сыныпта "Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті" деген сабақ өтті. Зерттеу сұрағы "Саяси көшбасшының мемлекет тарихының бетбұрыс кезеңдеріндегі рөлі қандай болды?" дейді. Сабақтың мақсаты – тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы елбасының рөліне баға беру. Көшелер айрап-жайрап жатқанын көрдік, Шымкентте 60-70 мәшине өртенді, әкімдіктің бірінші және екінші қабаттары зақымданды, көрме залы өртеніп кетті. Біз көргенді балалар да көріп отыр, көшеден болмаса да интернеттен көріп отыр. Сол кезде не айтамыз деп, балалардан кәдімгідей қысылғанымыз бар. Оқулық көмекші ресурстың бірі. Ондайда мұғалімнің шешендігі мен өмірде көргені маңызды. Сол күндер оқушыларымның есінде ме, жоқ па білмеймін, әйтеуір жуып-шайып шықтық, қоғам болған соң ондай бола беретінін айттық, – дейді зейнеткер мұғалім.
"Мектеп" баспасынан 2019 жылы шыққан, 9-сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығы
Назарбаев Қаңтар оқиғасынан соң түрлі лауазымынан, елбасы мәртебесінен, кейін ел астанасындағы өзі отырған "Кітапхана" ғимаратынан да айырылды. 2023 жылдан оның кеңсесі Президент орталығы деп аталып, ел басшылары туралы дерек сақталатын мұрағатқа айналды.
Назарбаев билік етіп тұрған шақта оның жеке басына табыну ескерткіш, көше, әуежай мен оқу орнының атауынан ғана емес, мектеп оқулықтарынан да көрініс тапқан еді. Ол туралы тақпақтар айтылып, шығармалар жазылатын, ал Қазақстан тарихы кітаптарында оның еңбегі туралы арнайы тараулар болды. Бұл кітаптар мазмұны Назарбаев биліктен түбегейлі кеткен соң өзгеріске ұшыраған.
Биліктен кеткенімен, кітапта қалған
Қазақстанда мектеп оқулықтары бес жыл сайын жаңартылады. Сондықтан 2019 жылы басылып шыққан мектеп оқулығы 2024 жылға дейін қолданыста жүрді. Мұғалімдер ендігі нұсқасында бұл тарау болмайды деп күткен. Алайда 2024 жылы басылған оқулыққа да жеке параграф енгізілген.
"Атамұра" баспасынан шыққан ескі оқулықтағы параграфта "Назарбаевты саяси көшбасшы, елбасы, тұңғыш президент, әлемдік деңгейдегі аса көрнекті мемлекет қайраткері" деп атаған. Ол "тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында жарқын болашаққа жол сілтеді" деп басталады. Ал жаңа кітапта экс-президентті ұлықтайтын сөздер жоқ. Әйткенмен ол "мемлекетті демократиялы қоғам қалыптастырып, ұлттық нарық экономикасын құруға бағыттады, ел сенімін оятты, жауапкершілігі мол жұмыстарды жүйелі бастап берді" деп жазылған.
Бұрынғы басылымда Назарбаев 1995 жылғы Конституцияның жобасын тікелей қолға алған, соның негізінде азаматтардың еркіндіктері мен құқықтарының үстемдігі орнады, мықты президенттік мемлекет қалыптасты дейді. Алайда кейін Тоқаев бұл Конституцияның "суперпрезиденттікке" жол бергенін айтып, референдум арқылы өзгертуге мұрындық болған еді.
"Атамұра" баспасынан 2019 жылы шыққан, 9-сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығы
Екі кітапта Назарбаевтың Еуразия одағын құруға бастамашы болғаны, Қазақстан халқы ассамблеясын, сосын алдымен бір палаталы, кейін қос палаталы парламент құрғаны, Астананың пайда болуы, ел шекарасы толық айқындалуы сынды жұмыстар оның мемлекетке сіңірген еңбегі ретінде жазылған.
"Мектеп" баспасынан шыққан тарих оқулықтарының да мазмұны жаңарған. Екі мақала негізінен ұқсас. Көп жері сөзбе-сөз қайталанған. "Мектептің" 2019 жылғы оқулығында, жоғарыда айтылғандай, барлық ресми мәртебелері тізімделген және Назарбаевты ойшыл деп те атаған. Ал 2024 жылғы жаңа кітабында тек тұңғыш президент деп жазатын болған.
Бұрынғы басылымда алдымен Назарбаев Қазақстанды әлемге танытқан саяси стратег деп айтылады. Ол Совет одағы саясаткерлерінің ішіндегі ең беделді адам, әлемдік деңгейдегі тұлғалар онымен санасқан деп сипатталады. Кейінгі нұсқада бұл тұсы жоқ. Әйтсе де тәуелсіз Қазақстанның тарихы, оның мемлекеттік институттарының қалыптасуы мен нығаюы, халықаралық сахнада танылуы, елдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, ұлттың рухани және мәдени қайта жаңғыруы – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты деп жазған.
Жаңа оқулықтағы ескі сарын
Өмір Шыныбекұлы екі кітаптағы мәтіндердің аздаған айырмашылығы бар, бірақ сарыны бір дейді.
– Баяғыдай ұлықтау, жеке басқа табыну қой. Елдегі барлық жетістікті бір адамның атымен байланыстырады. Совет заманында мектеп оқыдым. Иосиф Сталин билеген кезде де барлық жетістік соның атымен байланысты болған. Никита Хрущев жеке басына табынатын тұлғаға айналып үлгермеді. Ал одан кейін 18 жыл билікте отырған Леонид Брежнев сондай болды. Тың жерді де Брежнев "игеріп" жатты. Тарихтың сондай келеңсіздіктерін білеміз ғой. 2000 жылдардан кейін бізде де жеке басқа табыну белең алғанын ішіміз сезіп жүрдік, – дейді зейнеткер мұғалім Өмір Шыныбекұлы.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан қойылған ескерткіштің алдында суретке түсіріп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 6 шілде, 2021 жыл.
Қазақстан тарихын зерттейтін, Назарбаевтың саяси портреті туралы мақала жазған журналист Асылхан Мамашұлы да екі кітаптың мазмұны бір дейді.
– Екі сөздің бірінде Назарбаев айтылады. 2019 жылы шыққан кітапқа аса көп таңғалмаймын. Мені одан кейінгілері таңғалдырды. Бұрынғысын кешіруге болатын шығар. 2024 жылғы жаңа кітапта тағы сол баяғы әңгімені айта бастаса, онда бір нәрсе дұрыс емес деген сөз. 9-сыныптың кітабын көрдім. Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Назарбаевтың рөлі деген тақырыбы бар екен. Назарбаев туралы әңгімені бұрынғыдан кішкене азайтқан сияқты, бірақ бәрібір бар, – дейді журналист Мамашұлы.
Азаттық оқу-ағарту министрлігіне мектеп оқулығының Назарбаевқа қатысты параграфы жөнінде сауалхат жолдады. Бөлімде бұрынғы президенттің бірыңғай артықшылығы айтылған жоқ па, оның рөліне әділ баға берілген бе, ғылыми бейтараптық қаншалықты сақталды деп сұрады.
Министрлік "2016 жылдан бастап орта білім беру жүйесі жаңартылған білім мазмұнына көшті. Осыған орай, 2016-2020 жылдары аралығында жаңартылған білім мазмұны аясында оқулықтар әзірленіп, кезең-кезеңімен оқу процесіне енгізілді. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңдеріндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне қатысты оқу материалдары осы жылдар аралығында тарих оқулықтарына енгізілді. Оқулықтардың мазмұны Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жаңартылып, ғылыми негізділігі мен бейтараптығы сақталды. Оқулық мазмұны үлгілік оқу бағдарламасына сай, тарихи деректер мен құжаттарға негізделіп әзірленген. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі тарихи дерек ретінде берілген. Материалды баяндауда ғылыми бейтараптық пен объективтілік сақталған" деп жауап берді.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі NurOtan партиясы съезінде. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 23 сәуір, 2019 жыл.
Биыл президент Тоқаев өзіне дейін ел басқарған адам жайлы бірнеше рет пікір білдірді. Жыл басында Назарбаеты сынға алса, туған күнінде мақтады, ал Конституция күнінде еңбегін бағалайық деді. Депутаттар парламент мінберінен сөйлегенде елдегі кемшіліктерді Назарбаев дәуірі – "ескі Қазақстаннан" көреді. Ал тәуелсіз сарапшылар мемлекет деңгейінде Назарбаевтың тарихи рөлі қандай деген ашық талқылау өткен жоқ, оның жетістіктері мен кемшіліктеріне әділ саяси баға берілмеді дейді.
Журналист Асылхан Мамашұлының айтуынша, бұрынғы президенттің кейбір олқылығын айту билікке қолайсыз, себебі ол негізін қалап, нығайтқан жүйе әлі өзгермеген.
Журналист Асылхан Мамашұлы
– "А" деген соң "ә"-ні айтасың, "ә"-ні айтқан соң "б"-ны айтасың. (1986 жылғы) Желтоқсан оқиғасы кезіндегі Назарбаевтың әрекеттері, өзінің бұрынғы билікке берген бағалары, бірінші Конституцияны қалай шығарып тастағаны, орнына өзіне ыңғайлы Конституция қабылдағаны, билікті қолына жинағаны, Назарбаевтың ақшасы... Оның қаржысы жеке тарау болады. Бұларды айтудан қорқады. Қаңтар оқиғасы, Жаңаөзен оқиғасы бар, ірілі-ұсақты конфликтілер бар, тапсырыспен орындалған саяси өлімдер бар, адам құқықтары мәселесі бар. Қайта жазып шығу қиын емес, бірақ оған бүгінгі биліктің құлқы жоқ. Билік айтыңдар десе, авторлар жазады ғой. Назарбаевтың рөліне қандай баға бересіңдер деп оқушылардан сұрайтын жері бар. Оқушылардан олай сұрауға болмайды ғой, себебі кітапта өзің толық жауап берген жоқсың. Мысалы, 2019 жылы Назарбаев президенттіктен кетті, Тоқаев келді дейді. Осымен Назарбаевтың дәуірі аяқталған сияқты қылып жазады. Алдыңғы кітапта Назарбаевтың "елбасы" екенін айтып кеттің. Ал ендігіде 2022 жылғы референдумда осы статусын алып тастағанын неге айтпайсың? Неге алып тастадың, несі жақпай қалды? Ондай түсіндірулер жоқ, – дейді журналист.
Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда наразы жұрт тұғырынан құлатқан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің жоғарғы бөлігі жерде жатыр. 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова.
Мектеп бағдарламасына қарағанда, 9-сынып оқушылары Назарбаев туралы тақырыпты екі сабақта оқиды. Оқулықта бұрынғы президенттің саяси портреті қандай екенін жазу не айтуға, оның еңбектерінен үзінділер келтіріп, талдау жасауға тапсырмалар берілген. Қолданыстағы тәртіп бойынша, бұл кітап, шамамен, 2029 жылға дейін пайдаланылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоғарғы кеңестен "елбасына" дейін. Қазақстан авторитаризм жолына қалай түсті?