Швеция 35 өзбек мигрантын депортациялады

Стокгольм.

Швеция Өзбекстанға арнайы рейспен 30 ер адам мен бес әйелді депортациялады. Бұған дейін Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан келген тағы 70 мигрант депортацияланғаны хабарланған. Швеция билігінің түсіндіруінше, аталған азаматтардың босқын мәртебесін сұрау туралы өтініштері қабылданбаған және елде заңсыз жүрген.

Францияда тұратын құқық қорғаушы Надежда Атаева Швециядан депортацияланғандардың арасында саяси немесе діни көзқарасы үшін қудалауға ұшырауы мүмкін азаматтар барына алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, мысалы көші-қон құжаттары түгел болса да өзбек азаматтарының бірі Стокгольмдегі мейрамханада отырған жерінде ұсталып, бірнеше күннен кейін Самарқанға жіберілген.

Сәуір айында Швеция билігі көші-қон заңнамасын өзгертіп, босқын мәртебесін сұрау туралы өтініші қабылданбаған адамды елден дереу шығаруға мәжбүрлейтін өзгерістерді қабылдаған. Содан бері елде депортациялау жиілеген. Ақпаратқа қарағанда, қазір Орталық Азиядан барған ондаған азамат босқындар лагерінде шешімді күтіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, Швецияда 6 мыңға жуық өзбек тұрады. Кей мәліметке қарағанда, олардың саны 20 мыңға жетіп жығылады.

Биыл маусымда Швеция мен Өзбекстан үкіметтері құрылыс, қызмет көрсету және медицина салаларында өзбек мигранттарын заңды түрде жұмысқа тартуға келіскен. Дегенмен жылына қанша өзбек азаматына еңбек квотасы берілетіні айтылмады.