Рубио Лавровты Украинадағы қантөгісті тоқтатуға үндеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров

БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездескен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ресейлік әріптесін Украинадағы қантөгісті тоқтатып, соғысты аяқтау үшін нақты қадамдар жасауға шақырды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Кремльге осындай үндеу жасаған еді.

"Мемлекеттік хатшы президент Трамптың қантөгісті тоқтатып, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған ірі қадамдар жасау туралы үндеуін еске салды" деп жазылған АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Томми Пиготт таратқан хабарламада.

Ресей мен АҚШ делегацияларының жабық кездесуі шамамен 50 минутқа созылды. Келіссөзден шыққан Лавров журналистердің сұрақтарына жауап бермей, тек бас бармағын көрсетіп шығып кетті. Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Лавров Рубиомен келіссөз кезінде "Украина дағдарысының бастапқы себептерін жою бойынша АҚШ-пен бірігіп күш салуға дайын екенін" жеткізген. Бұған қоса, "Киев пен кейбір Еуропа елдері ұсынған қақтығысты созуға бағытталған схемаларға жол беруге болмайтынын" атап өткен.

Бұған дейін БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Трамп Ресей мен Украина қақтығысын реттеуге күш салып жатқанын мәлімдеген. Америка президентінің сөзіне қарағанда, ол соғысты "жылдам тоқтатамын" деп ойлаған және бұған Ресей президенті Владимир Путинмен жақсы қарым-қатынасы әсер етеді деп үміттенген.

"Барлығы Ресей үш күн ішінде соғыста жеңеді деп ойлаған. Жылдам қақтығыс болады деген болжам болды. Бірақ бәрі басқаша шықты. Бұл Ресейге абырой әкелген жоқ" деді Трамп.