RT басшысы Маргарита Симоньянның күйеуі, режиссер Тигран Кеосаян қайтыс болды

Маргарита Симоньян және Тигран Кеосаян.

RT телеарнасы және "Россия сегодня" агенттігінің жетекшісі Маргарита Симоньянның күйеуі, режиссер Тигран Кеосаян қайтыс болды. 59 жастағы Кеосаянның қазасы туралы Симоньян хабарлады.

Былтыр Кеосаян өте ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, содан бері есін жимаған. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, ол оның алдында екі рет инфаркты бастан кешірген.

Тигран Кеосаян - совет режиссері Эдмонд Кеосаянның ұлы. Герасимов атындағы жалпыресейлік мемлекеттік кинематография университетінде оқыған. Оның соңғы фильмдерінің арасында әйелінің сценарийі бойынша түсірілген пропагандистік "Қырым көпірі" фильмі де бар.

Тигран Кеосаян Украинаға басқыншылықты қолдаған. Еуроодақтың санкция тізіміне енген.

Қазақстан қоғамында ерлі-зайыпты пропагандистердің сөздері жиі сынға ұшыраған. Мысалы, 2022 жылы мамырда Қазақстан Жеңіс күніне парад өткізуден бас тартқанда, Кеосаян Қазақстанға қарата "Украинаға қараңдар, дұрыстап ойланыңдар. Біздің жауапты адамдар Қазақстанмен қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек" деген еді. Кеосаянның сес көрсеткен сөзі Қазақстан қоғамында қарсылыққа ұшыраған.

Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Кеосаянды "елге келуге тыйым салынғандардың" тізіміне қосқан.