Ресей Қытаймен визасыз режим енгізеді

Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин

Владимир Путин Ресей Қытай азаматтарына визасыз режим енгізетінін мәлімдеді. Бұл жөнінде Ресей басшысы "Валдай" пікірталас клубының отырысында мәлімдеді.

Қытай 15 қыркүйекте қарапайым шетел төлқұжаты бар Ресей азаматтарына тәжірибе ретінде бір жылдық визасыз режим енгізген. Ресейліктер Қытайға бизнес, туризм мақсатында, туыстары немесе достарына бара алады. Бұған қоса, 30 күнге дейін визасыз сапар алмасуға да мүмкіндік бар.

Бұл жөнінде Қытай билігі қыркүйек басында Путиннің Пекинге сапары кезінде айтқан. Путин сол кезде Пекиннің шешімі "күтпеген жағымды жаңалық" болғанын, Ресей де сәйкесінше шара енгізетінін айтқан.

OneTwoTrip деректеріне сүйенген "Коммерсанттың" жазуынша, қыркүйекте Қытайға брондалған әуе билеттерінің саны тамызбен салыстырғанда 60% артқан және өткен жылмен салыстырғанда 50% ұлғайған.

Батыс елдері Қытайды Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын қолдағаны үшін сынайды. Пекин Мәскеуге қос мақсаттағы тауарларды жеткізіп, оның әскери қимылына дем беріп отыр. Жуырда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген Украина басшысы Владимир Зеленский Қытай Ресейді Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға мәжбүрлей алады деп мәлімдеген.

"[Қытай] Ресейді толық тәуелді етіп отырған қуатты ел. Егер Қытай шынымен де соғысты тоқтатуды қаласа, ол Мәскеуді басқыншылықты доғаруға мәжбүрлей алушы еді. Қытайсыз путиндік Ресей ешкім де емес. Бірақ Қытай бейбітшілік үшін қимылдауды орнына жиі үнсіз қалады" деді Зеленский.