Ресей қорғаныс министрі ядролық сынаққа дайындықты бастауды ұсынды

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов

Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің отырысында президент Владимир Путинге Жаңа жер архипелагында ядролық сынақ жүргізуге дайындықты дереу бастауды ұсынды.

Белоусовтың сөзінше, бұл АҚШ-тың әрекетіне "жауап" болмақ. Министрдің айтуынша, АҚШ қаруды қысқарту туралы келісімнен біртіндеп шығып жатыр. Бұған қоса, ядролық оқтұмсығы бар құрлықаралық жаңа ракетаны құрастырып жатыр.

Ал Путин сыртқы істер министрлігі, қорғаныс министрлігі, арнайы қызмет пен азаматтық ведомстволарға ядролық сынаққа дайындық жүргізу туралы ұсыныстарды енгізуді тапсырды.

Қазанның соңында АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ өзге елдермен сияқты ядролық қару сынауды "дереу" бастайтынын мәлімдеген. Кейін CBS News-ге берген сұхбатында "өзге елдердің сынақ өткізіп жатқанын" және АҚШ-тың "сынақ жүргізбеген жалғыз ел" болып қалғанын қаламайтынын жеткізген.

"Ресей сынақ жүргізіп жатыр, Қытай сынақ жүргізіп жатыр, бірақ олар бұл жөнінде айтып жатқан жоқ. Олар да, өзгелер де сынақ өткізіп жатқандықтан біз де сынақ өткіземіз" деген еді Трамп.

Осыған дейін Владимир Путин Ресей "Буревестник" ракетасы мен ядролық қондырғылары бар "Посейдон" суасты аппаратын сынақтан өткізгенін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Трамп Путин "ракетаны сынағанша төрт жылдан бері жалғасып жатқан соғысты аяқтаумен айналысса ғой" деп айтқан еді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Буревестник" пен "Посейдон" сынағы ядролық сынақ емес екенін айтқан.

  • АҚШ - 1992 жылдан бері, Ресей - 1990, Қытай 1996 жылдан бері ядролық сынақ өткізбеген.