Ресей әскері Киевке ракета және дрондармен соққы жасады. Қаза болғандар бар

28 қыркүйекке қараған түні Киевке жасалған шабуылдың салдары.

Жексенбіге қараған түні Ресей әскері Киевке соққы жасады, соның салдарынан кемінде төрт адам қаза болды. Киев қалалық әскери әкімшіліктің мәліметінше, соққы ракета және дрондармен жасалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, он шақты адам зардап шеккен.

Қалалық әскери әкімшіліктің жетекшісі Тимур Ткаченконың хабарлауынша, қаза болғандар арасында 12 жасар қыз да бар.

Киев мэрі Виталий Кличконың сөзінше, шамамен 20 орында үйлер мен нысандар қираған. Соломенский ауданында бес қабатты үй қирап, екі қабатты Стражеско атындағы кардиология институты өртенген. Қаланың тағы бірнеше ауданында адам тұрмайтын ғимараттар мен көліктер бүлінген. Оқиға орындарында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Олар үйінділерді аршып, бүлінген ғимараттарды тексеріп жатыр.

Киев облысында Ресей әскерінің соққысынан кейін төрт ауданда өрт шыққан. Аудандардың бірінде нан зауытының бес жұмысшысы зардап шеккен.

Запорожьде түнде 20-дан астам адам жараланды, екеуінің жағдайы ауыр. Тұрғын үй мен инфрақұрылым нысаны қираған.

Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желіде 12 сағаттан астам уақытқа созылған Ресей шабуылы негізінен Киев қаласы мен Киев облыс, Запорожье, Хмельницкая, Сумы және Одесса облыстарына бағытталғанын айтты. Ол келтірген дерекке қарағанда, 500 шақты дрон мен 40-тан астам ракета жіберілген.

"БҰҰ Бас ассамблеясы аптасын аяқтағандай жымысқы шабуыл болды. Ресей дәл осылай өзінің ұстанымын көрсетіп жатыр. Мәскеу әрі қарай да соғысып, қан төккісі келеді, ол әлем елдерінің қатаң қысымына лайық" деді президент.

Зеленскийдің айтуынша, Украина Ресейді дипломатияға мәжбүрлеу үшін жауап соққы жасап жатыр.