Жапаров Ыстықкөлде 17 жастағы қыз қатігездікпен өлтірілгеннен кейін өлім жазасын қайтаруды тапсырды

Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров президент әкімшілігіне қарасты құқықпен қамтамасыз ету басқармасына өлім жазасын қайтаруды тапсырды. Бұл жөнінде президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов хабарлады.

"Атап айтқанда, мәселе балалар мен әйелдерді зорлау қылмысына қатысты өлім жазасын енгізу жөнінде болып отыр. Президент Садыр Жапаровтың пікірінше, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс жасағандар жазасыз қалмауы керек" деді ол.

Жапаров мұндай шешімді Ыстықкөл облысында 17 жасар Айсұлу М. есімді қыздың қазасынан кейін қабылдап отыр. Бойжеткен Жеті Оғыз ауданында 27 қыркүйекте жоғалып кеткен. Сол күні ол құрбысының үйіне қонаққа бару үшін жолға шыққан, ізінше онымен байланыс үзілген. Жуырда оның мәйіті Боом шатқалынан табылды.

Қыздың қазасына қатысты 41 жастағы Бішкек тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу болжамынша, Айсұлу ер адамның көлігіне отырған. Ол қыз баланы алмабағына апарып, зорлап, кейін өлтірген. Ұсталған адам кінәсін мойындаған. Ер адам бұрын тонау және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша сотталған.

Президент Жапаров Айсұлу М.-ның өлімі бойынша тергеуді жеке бақылауына алған.

Қырғызстанда өлім жазасы 2007 жылы алынып тасталған, ал 2010 жылы ресми Бішкек өлім жазасын жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің факультативті хаттамасын қабылдаған. Елде соңғы рет өлім жазасы үкімі 1998 жылы орындалған, ізінше мұндай жаза түрі мүлде алынып тасталған еді.