Жол апаты неге көбейді? Жылдамдықты асыру мен жауапсыздық салдары

Кейінгі бес күнде Қазақстанда үш ірі жол апатынан 25 адам опат болды. 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында минивен аударылып, 10 адам мерт болған. Жолдағы өлім-жітім неге көбейді? Оның алдын алудың жолы бар ма? Өзге елдер тәжірибесі қандай?

Жол үстіндегі мезгілсіз қаза

Полиция дерегінше, Маңғыстаудағы жол-көлік оқиғасында Toyota Hiace шағын автобусы аударылған кезде сегіз адам сол жерде, тағы екі адам ауруханаға бара жатқанда көз жұмған. Жүргізуші мен екі жолаушы мертігіп, ауруханаға түскен.

13 қыркүйекте Қарағанды облысында да ірі жол апаты тіркелді. Қарағанды – Аягөз – Боғас бағытындағы жол бойында Ford Mondeo көлігі қарсы бетке шығып кетіп, Changan көлігіне соғылған. Салдарынан бес адам қайтыс болды. Ал күні кеше ғана Жетісу облысында жол апатынан он адам қазаға ұшырады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, 14 қыркүйек түн ортасында Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Көлбай ауылы маңында, Алматы – Өскемен тасжолында Nissan Cefiro автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, әуелі Lada көлігімен, одан кейін Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Nissan жүргізушісі сол жерде тіл тартпай кеткен. Lada көлігіндегі төрт адамның біреуі қаза болды, тағы біреуі жараланып, ауруханаға жеткізілді. Ал бес адамдық Chevrolet Cobalt автокөлігінде сегіз адам (біреуі бала) отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың бәрі оқиға орнында қаза болған.

Іркес-тіркес болған бұл үш оқиға жұрт назарын жол қауіпсіздігі мәселесіне кезекті рет бұрды. Әлеуметтік желіде қазаға байланысты көңіл айтқан, өкініш білдірген, билікке жауапкершілік артқан жазбалар аз емес. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (ІІМ ӘПК) өкілі арнайы мәлімдеме жасады.

"Жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес, бұл әрбір азаматтың жеке тәртібі мен жауапкершілігі. Жолдағы бір ғана қате шешім орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Қайтыс болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – жай ғана жол апаттары емес. Бұл – орны толмас адам шығыны. Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалады. ІІМ тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, ешқандай тергеу қаза тапқандардың өмірін қайтара алмайды", – деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Жол бойындағы көлік апаты. 14 қыркүйек, 2025 жыл. "Қазавтожол" компаниясы таратқан сурет.

Бұл оқиғалардан кейін Қазақстанда қалааралық жолдарға жауапты "Қазавтожол" ұлттық компаниясы да пікір білдірді. Компания арнайы тексеріс жүргізгенін, жол-көлік оқиғасы тіркелген аумақтарда жол жабындысы тегіс болғанын әрі көлік қозғалысына кедергі келтіретін ақаулар анықталмағанын айтты.

– Алматы – Өскемен автожолын жаңғыртуды 2024 жылы толық аяқтап, қолданысқа бергенбіз. Жол сапасы стандартқа сәйкес келеді, жол белгілері мен таңбалары қойылған, жабындысы да стандартқа сай. Қарағанды – Аягөз – Боғас автожолын да орташа жөндеуден өткізгенбіз, жол жабындысы тегіс, жол сапасы жақсы. Соңғы уақытта республикалық жолдардың сапасы артқан сайын жол-көлік оқиғалары көбейгенін байқап отырмыз, себебі жол сапасы жақсарғаннан кейін кей жүргізушілер жылдамдық режимін сақтамай, көлікті қатты айдайды, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп жатады. Оның аяғы осындай апатқа апарып соғады", – деді "Қазавтожол" ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Кім кінәлі?

Көлік апатын, адам шығынын азайту үшін мемлекет не істеген жөн? Камералар қойылып, бақылау күшейгені неге әсер етпей жатыр? Кейбіреулер жол апатына көбіне жылдамдықты асырған жүргізушілер кінәлі деп есептейді.

– Жүргізушілердің ұзақ уақыт демалмай көлік айдап, шаршап-шалдығатыны да себеп болады. Мәселе, екі-үш сағат сайын тоқтап, бір демалып, қажет болса көз шырымын алу керек. Әйтпесе кешке дейін жолға тесіліп қарап отырған адамның көзі талады, солай отырып қалғып кетеді, құлағы шыңылдап, естімей қалуы да мүмкін, сондайдан авария болады. Ұзақ жол бойына камера қойып, шамадан артық жүріп кеткен көлікті полиция тоқтатып, демалту керек, – дейді алматылық көлік жүргізуші.

Жол үстінде жанып жатқан автокөлікке қарап тұрған полиция қызметкері. Алматы, 8 желтоқсан, 2021 жыл. Азаттық архивіндегі фото

– Жылдамдықты асырмау керек. Біздің жолдардың бәрі нашар ғой негізі, қатты жүруге арналмаған, күре тасжолдың өзінде қатты жүрсең, ұшып кетесің шетке, – дейді келесі бір жүргізуші.

Тағы бір жүргізуші жол бойындағы апаттың бәрін жүргізушіден көрген дұрыс емес дейді.

– Кейде жолда кетіп бара жатсаң, алдыңнан аяқ астынан мал жүгіріп шығады біздің жақта, жұрт қалай болса, солай жібереді малды. Кейде адамдардың өзі жолды жаяуларға арналған бөлігінен емес, қалай-болса солай кесіп өте салуды әдетке айналдырған. Ал кейде жолдың тарлығынан да апат болып жатады. Ондай жолды кеңейту керек деп ойлаймын.

– Мемлекет тарапынан жұмыстар істеліп жатыр, камера қойып, дүниесін жасап жатыр. Жолдағы әрбір адамның сана-сезімі болуы керек, – дейді Азаттыққа пікір білдірген алматылық.

Жол-көлік оқиғасы статистикасы

Биыл Қазақстанда ай сайын жол апатынан орташа есеппен 180 адам көз жұмған. Ақпараттың бәрі күн сайын жария бола бермейді. Қаңтардан бергі сегіз айда елде 1446 адам жол апатынан қаза болды. Ресми дерек бойынша, кісі өліміне әкелетін жол апаттарының негізгі себебі – жылдамдықты шамадан тыс асыру. Жол сапасы да тағы бір маңызды факторға жатады.

Алматы облысында болған жол-көлік оқиғасы. 25 мамыр, 2020 жыл. Жол полициясы архивіндегі фото.

Ішкі істер министрлігінің статистикасы бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан қайтыс болғандар саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған.

Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.

2022 жылы – 2425 адам;

2023 жылы – 2543 адам;

2024 жылы– 2579 адам қаза болған.

Ал биыл қаңтардан қыркүйекке дейін сегіз айда 1446 адам көз жұмған.

Алматы облысында – 96 адам,

Түркістан облысында – 85 адам,

Жамбыл облысында – 46 адам,

Жетісу облысында – 38 адам,

Ақмола облысында – 31 адам,

Қызылорда облысында – 28 адам,

Қарағанды облысында – 28 адам қаза болған.

Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан қайтыс болғандар саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған.

Жол апатына ұшыраған мопед. Фото авторы - Роза Есенқұлова.

Ресми дерек бойынша, жол-көлік оқиғасы 2024 жылы күрт көбейді. 2022 жылы 15 мыңға, 2023 жылы 16 мыңға таяу факті тіркелсе, 2024 жылы 31 мыңнан асты. Құзырлы орган жол апатының 90 пайызы жүргізушілер кінәсінен болады дейді. Бұған 2016-2024 жылдар аралығында автомектепті бітірмей-ақ куәлік алуға рұқсат берілгені де әсер етті деп түсіндіреді. Ranking.kz талдау сайты оқиғаға жолдың тайғақтығы, ой-шұңқыры және жеткілікті жарықтандырылмауы да себеп болады деп жазды.

2024 жылы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер саны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есе өсті. Ішкі істер министрлігі мұны фактіні есепке алу тәсілі өзгеруіне байланысты деп түсіндіреді. Ақпаратқа қарағанда, кейінгі кезде адам медицина ұйымына жүгінген кез келген жағдайда денсаулығына зиян келген-келмегеніне қарамастан статистикаға қосылатын болған.

Шетел тәжірибесі

Америкада тіркелген World Population Review сайтының 2021 жылғы дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 100 мың адамға шаққанда 12,2 адам жол апатынан қайтыс болған. Бұл көрсеткіш көрші Өзбекстанда – 9,3, Ресейде – 10,6, ал Қырғызстанда – 13,3-ке тең.

Әлемде жол апаты санын мейлінше азайтуға тырысып, кешенді жоба, бағдарлама жасаған елдер бар. Жаңа технологияның дамуы да осы салаға жаңа тыныс беріп отыр. Мәселен, жүргізушісі жоқ роботаксилер адам жіберетін қателіктерге жол бермейді. Алғашқы нәтижелерге қарағанда, ондай көліктер ұшыраған жол апатының саны аз, зардабы жеңіл. Оның қоғам алаңдайтын жағы да бар.

Швеция астанасы Стокгольм көшесінде (көрнекі сурет)

Швеция 1997 жылы қабылдаған "Vision Zero" концепциясы көлік апатынан қаза табуды толық жоюды діттеген мақсатына жетпесе де, 2000-2020 жылдар аралығында жол үстіндегі өлім-жітім екі есе азайған. Билік "қауіпсіздік дәліздері" қағидасымен инфрақұрылымды дамытқан, жылдамдық деңгейін баяулатқан және жол бойындағы тәртіпті камералардың көмегімен қатаң бақылауға алған.

Нидерланд та 1990-жылдардың ортасында жол қауіпсіздігі тұжырымдамасын қабылдаған. Оның мақсаты – жол қозғалысы жүйесін адамның биологиялық және психологиялық мүмкіндіктеріне бейімдеу. Яғни, көлік жүргізуші, жаяу адам немесе велосипедші қателік жіберсе де, апат салдары ауыр болмауға тиіс. Веложолдар кеңейген. Қала ішінде, мәселен, ел астанасы Амстердамның көп бөлігінде жылдамдық сағатына 30 шақырымға түсірілген.

Аустралия да осыған ұқсас бағдарлама қабылдап, мас күйінде көлік жүргізгендерге қарсы шараны қатаңдатып, қауіпсіздік белдігін тағуды міндеттеген. Жол қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауды қолға алған. Швецияның Vision Zero бағдарламасының үлгісін Ұлыбритания, Жапония, Норвегия сынды елдер де іске асырған.

Жолда адам өлімін азайтудың ендігі бір жолы – көлік тізгінін роботтарға тапсыру. Қазір әлемде АҚШ, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктерінде роботаксилер сынақтан өтіп, қолданысқа еніп жатыр. Олар мас күйінде көлік жүргізу, көлік айдап келе жатқанда шаршау я ұйықтап кету сынды адамға тән қателіктердің алдын алуға көмектеседі. Роботтағы сенсорлар әлгіндей қауіп-қатерді ертерек байқап қалады. Оның үстіне роботқа ақша төлеудің қажеті жоқ, күні-түні қызмет етуге даяр және экологиялық тұрғыдан тиімді.

Дегенмен технологияның әзірге толық жетілмегені және көптің қолы жете бермейтіндігі – оның қазіргі кемшілігі. Автономды көлікті хакерлер қашықтан бұзып, бақылауға алу қаупі де бар. Бұдан бөлек робот таксилер көбейсе, жүргізушіге деген сұраныс азайып, жұмыссыздық мәселесі туындауы мүмкін.