Бүгін, 25 қазан – Қазақстанда ұлттық мереке – Республика күні. Осы күні Қазақстанның әр өңірінде мейрамға байланысты мәдени, спорттық және әлеуметтік шаралар өтеді. Халықты мерекемен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты" деді.
"Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты. Дегенмен алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз" деп жазылған Тоқаевтың құттықтауында.
"Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз" деп жазылған. Тоқаевтың құттықтауын Ақорда жариялады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан тәуелсіздігін жарияласын деп талап қойғандар неге қудалауға түсті?13 жылдық үзілістен соң қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл төртінші рет тойланып жатыр. Бір күн бұрын түрлі саладағы мамандарға мемлекеттік наградалар берілді.
25 қазанда атап өтілетін Республика күні – Қазақстандағы ұлттық мереке. 1995 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұлттық мереке деп жарияланған. 2009 жылы мемлекеттік мерекелер қатарынан түсіп қалып, 2022 жылы қайтадан ұлттық мереке мәртебесін алды.
1990 жылы 25 қазанда СССР құрамындағы Қазақ ССР-інің Жоғарғы кеңесі Егемендік туралы декларация қабылдаған. Онда Қазақстан "халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүделлеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар" егемен мемлекет деп жарияланды.
Your browser doesn’t support HTML5
Қалай болды? Егемендік декларациясы неге кеш жарияланды?