Қарағандыдағы полиция тірек пунктінен бір әйелдің мәйіті мен ессіз күйде бір полицей табылды. Қарағанды облыстық полиция департаменті ақпаратты растады.
"Полиция тірек пунктерінің бірінде бір әйелдің мәйітінің табылуына қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары мен өлімінің себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында ес-түссіз күйінде болған полиция қызметкері медицина мекемесіне жеткізілді. Жан-жақты тексеру үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылды, сонымен бірге қызметтік тексеріс тағайындалды" деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдері тергеу барысын аймақ полициясының басшысы жеке бақылауда ұстайтынын хабарлады. Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратпауды ескертті.
Жергілікті “Патриот” телеграм-арнасының жазуынша, екі адамды тірек пунктіне барған учаскелік инспектор анықтаған. Арнаның жазуынша, полиция майоры “қандай да бір заттың ықпалында” болған. Оқиға орнынан ақпарат таратқан телеграм-арна тілшісі оқиға орнына Қарағанды полиция басқармасының бастығы келгенін жазды. Дегенмен жергілікті полиция "белгісіз заттың әсері" туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.