Ресей президенті Владимир Путин былтыр желтоқсанда Ақтауда құлаған Әзербайжан әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатына Мәскеу жауапты екенін мойындады. Ол Ресей өтемақы төлейтінін айтты. 9 қазанда Душанбеде екі елдің басшылары кездесті.
Кремль жариялаған шағын видеода Путин Әлиевке былтыр сол оқиға үшін кешірім сұрағанын еске салғаны көрінеді.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
Бастапқыда апаттың себебі жөнінде түрлі долбар болды. Ұшаққа Ресей аумағында оқ атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны "хайп қуу" деп атап, сын айтқан.
Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев апатқа "Ресейдің өкілдері жауапты" деп мәлімдеді. Әлиев Ресейден кінәсін мойындауды және осы оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алмаған еді.
Ресей ұшақ апатына кінәні мойнына алмағаннан кейін Мәскеу мен Баку қарым-қатынасы суып кеткен еді.
9 қазанда Ресей басшысы ұшақ апатының себебін тек екі күн бұрын білгенін айтты.
Путиннің сөзінше, ресейлік жүйе екі ракета жіберген, ол ұшақтан бірнеше метр жерде жарылған. Оның айтуынша, ұшаққа оның сынықтары тиген болуы мүмкін (оның бұл сөзінен Коммерсант үзінді келтірді). Путин өз сөзінде Ресей жағының өтемақы төлейтінін және лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты.
"Тағы рет қайталап өтейін, біздің парызымыз – оқиғаға объективті баға беріп, шынайы себебін жариялау" деді Путин.
Әлиев Путинге сол сөзі үшін алғыс айтқан. "Сіз тергеу барысын жеке қадағалап отырасыз және бізде объективті қарайсыздар дегенге күмән болмаған" деді ол.