2024 жылы Ресей АҚШ-қа уран тасымалдап, шамамен 750 млн доллар табыс тапты, биыл алғашқы жарты жылда бұл көрсеткіш 800 млн доллардан асты деп мәлімдеді Ресей басшысы Владимир Путин "Валдай" клубының пленарлық сессиясында.
"Биыл алғашқы жарты жылда АҚШ-қа 800 млн доллардан астам уран саттық. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш миллиард доллардан асады деп ойлаймын. Қазір 2026 жылы бұл 800 млн доллардан астам болады деп қарастырылып жатыр. Сондықтан жұмыс жалғасып жатыр. Америкалықтар тиімді болғандықтан біздің уранды сатып алады. Және дұрыс істеп жатыр" деді ол.
Оның сөзінше, Ресей АҚШ-қа уран тасымалдау көлемі бойынша екінші орында тұр және елге импортталатын жалпы уран көлемінің 25 пайызын қамтамасыз етеді.
Путин сонымен бірге АҚШ президенті Дональд Трамптың 2022 жылы Американы өзі басқарғанда Ресей мен Украина соғыспас еді деген пікірімен келісетінін де жеткізді.
Бұдан бөлек, Путин Ресейді "қағаз жолбарыс" деп атаған Трамптың сөзіне жауап беріп, орыс әскерінің Купянскіні толық бақылауға алғанын айтты және Киевке Tomahawk қанатты ракетасына қол жеткізсе де бұл "майдандағы жағдайға еш әсер етпейді" деді. Оның сөзінше, Ресейдің қорғаныс жүйесі ATACMS ракеталарын атып түсіруге бейімделген.
Дегенмен ракета жеткізу Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты ушықтырады деді.
"Бұл екі елдің қарым-қатынасына әсер ете ме? Әрине, әсер етеді. Tomahawk ракетасын америкалық әскери қызметкерлердің қатысуынсыз пайдалану мүмкін емес. Бұл эскалацияның мүлде жаңа кезеңі болмақ" деді Путин.
The Wall Street Journal және Reuters жазуынша, Трамп әкімшілігі Ресейдегі нысандарға соққы жасауда қажет барлау деректерін украиналықтарға беруді жоспарлап отыр. АҚШ бір мезетте Украинаға 800 шақырымға дейін ұшатын Tomahawk, Barracuda және өзге де "құрлық-құрлық", "құрлық-әуе" ракеталарын беруді қарастырып жатыр деп хабарлады дереккөздер.
The Telegarph жазуынша, қыркүйектің соңында Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен кездесу кезінде Киевке Tomahawk ракеталарын беруді сұраған. Мұндай ракеталар Ресейдің шығысында Түмен, солтүстігінде Мурманск пен Архангельскіге дейін жете алады деп жазды "Агентство".