Президент Жапаров ұлының "Берекет банкіне" қатысы туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Садыр Жапаров

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2 қарашада «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында жаңадан ашылған «Берекет банкіне» өзінің ұлы Нұрдәулет Нұрғожаевтің қатысы туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Оның сөзінше, жаңа цифрлық банк ашу туралы ұсынысты Binance компаниясының иесі Чанпен Чжао айтқан және президент оны мемлекеттік банк ретінде ашуды ұсынғанда Чжао келіскен.

«Марат Сұлтановты (парламенттің бұрынғы спикері - ред.) бұрынғы банкир ретінде шақырып, ұйымдастыру жұмыстарын тапсырдым. Чанпен Чжао мен Марат Әбдіразақұлы Нұрдәулетті де қосуды сұрады. Ойланып, ойланып, рұқсат бердім, себебі мемлекеттің бұған ешқандай қатысы жоқ болғандықтан, «жарайды» дедім. Мен оларға араласып, тәжірибе жинау қажеттігін айттым. Мемлекеттік істерге араласқаннан гөрі жеке істерімен айналысқаны дұрыс емес пе?», - деді Садыр Жапаров.

Президент жаңадан ашылған «Берекет банкіне» басқа құрылтайшылар да қосылатынын және банк негізінен виртуалды активтермен және цифрлық валюталармен жұмыс істейтінін айтты.

Жапаров туыстары мен жақын достары саясатқа араласпайтынын және балаларына елге инвесторларды тартуға кеңес беріп келе жатқанын да атап өтті. Ол жақын туыстары Қырғызстанға инвестиция салып жатқанын және президент өкілеті аяқталған кезде бұл туралы ашық ақпарат беретінін жеткізді.

Ол балалары Рустам мен Нұрдәулет экономика және қаржы саласында білім алып жатқанын нақтылады.

Binance криптовалюта компаниясының негізін қалаушы Чанпен Чжао осы жазда президент Жапаровтың қоғамдық кеңесшісі болып тағайындалған. Ол 24 қазанда Бішкекте өткен виртуалды активтер мен блокчейн технологияларын дамыту жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына қатысқан.

«Берекет банкінің» құрылғаны жөнінде ақпарат 31 қазанда пайда болды. Жаңадан ашылған банктің негізін қалаушылар Садыр Жапаровтың кіші ұлы Нұрдәулет Нұрғожоев және парламенттің бұрынғы спикері Марат Сұлтанов екені белгілі болған.