Песков Зеленскийдің келіссөзді Қазақстанда өткізу туралы ұсынысына реакция білдірді

Дмитрий Песков

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков РБК радиосына берген сұхбатында Киев келіссөз алаңы ретінде көптеген елді атағанын, бірақ бастапқыда бейтарап ел деуге келмейтін елдерге ерекше назар аударғанын айтты.

“Украиналықтар көптеген елдің атын атап, ұсыныстарды жаудырып жатыр және бастапқыда Қазақстанға мүлде тірелмей, бізге мүлде қолайсыз елдерді атаған. Неге екені белгісіз, әлі күнге дейін Швейцария немесе Австрияны бейтарап елдер деп санайды. Бірақ де-факто олар біз үшін бейтарап ел емес. Осыны ескеру керек және бұл нәрсе бізге айдан анық болып отыр” деді Песков.

Бұған дейін Украина президенті Ресей басшысы Владимир Путинмен түрлі елдерде кездесуге дайын екенін айтып, Қазақстанды да атаған еді.

“Біз Түркия, Сауд Арабиясы, Катар, Австрия, Швейцария сияқты бейтарап елдерді де ұсындық. Егер қаласаңдар, тіпті Қазақстан сияқты елде де [кездесейік] дедік. Біз дайынбыз” деді Зеленский.

Ол бұл сөзін Fox news арнасына берген сұхбатында айтты.

Бұған дейін Ресей басшысы Владимир Путин Зеленскиймен Мәскеуде кездесуді ұсынған. Одан бас тартқан Украина басшысы Зеленский Путинді Киевтегі келіссөзге шақырған.

Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан араағайын болуға ұмтылмайтынын, бірақ қажет кезде көмектесуге дайын екенін мәлімдеген. Қаңтарда ол АҚШ президенті Дональд Трамппен Украинадағы жағдайды талқылап, келіссөзді қолдайтынын айтқан.

"Қазақстан халықаралық мәселелерді шешуге көмектесуге әрдайым дайын" деді Тоқаев сол кезде.