Өзбекстанда жүздеген бала уланып, ауруханаға түсті

Өзбекстанның Ташкент облысындағы балабақшаларда жүздеген бала уланып, ауруханаға түсті.

27 қыркүйек таңертеңгі жағдай бойынша, медицина мекемелерінде 694 бала емделіп жатыр. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғам денсаулығы комитеті жетекшісінің орынбасары Нурмат Атабеков хабарлады. 269 бала ауруханадан емделіп шыққан.

Дәрігерлер 13 баланың жағдайы орташа ауыр екенін айтты.

Атабековтің сөзінше, кейінгі бірнеше күнде дәрігерлер 1922 баланы тексерген, арасында науқастармен байланыста болғандар да бар. 959 баладан улану белгілері табылмаған, олар үйлеріне жіберілген.

"Балаларға білікті консультациялық-медициналық көмек көрсету үшін Ташкенттегі 17 мамандандырылған мекеме мен медициналық орталықтан 100-ден астам ғалым, маман, профессор тартылды. Олардың күш-жігерінің арқасында емдеу процестері заманауи стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған жедел топтың қорытындысына сәйкес, балаларға жедел гастроэнтерит диагнозы қойылған. Бұл ауру өмірге қауіп төндірмейді және асқынбайды" деді Нұрмат Атабеков.

Улану белгілері байқалған балалардың ауруханаға түскені жөнінде алғашқы хабар 25 қыркүйекте тараған. Кейін олардың саны артты.

Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі мен қоғам денсаулығы комитетінің хабарлауынша, эпидемиологиялық зерттеудің алдын ала нәтижесі балалардың айраннан уланғанын көрсеткен.

Балалар омбудсменінің айтуынша, Ташкент облысының полициясы "Санитарлық заңнама немесе індетпен күрес ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.