Өзбекстан сенаты жасанды интеллектіні теріс пайдаланғандарды жауапқа тартатын заң жобасын мақұлдады

Өзбекстанның Олий мажлисі сенаты жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын теріс пайдаланғандарды жауапқа тартуды қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Бұл жайлы жергілікті БАҚ хабарлады.

Құжатта алғаш рет "жасанды интеллект" ұғымының ресми анықтамасы беріліп, оны пайдалану ережелері айқындалған.

Заң жобасында жасанды интеллектіні заңсыз мақсатта қолдану — мысалы, жеке деректерді рұқсатсыз өңдеу немесе тарату — іс-әрекеті үшін 50-ден 100-ге дейінгі базалық есептік мөлшерінде айыппұл салу, 15 күнге дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу және техникасын тәркілеу тәрізді жазалау шаралары қарастырылған.

Бұған қоса, нейрожелілер көмегімен жасалған контенттің арнайы белгісі (маркировка) көрсетілуі шарт болмақ. Заңда сондай-ақ адам құқықтарына әсер ететін шешімдерді тек алгоритмдер негізінде, яғни адамның қатысуынсыз қабылдауға тыйым салынатыны жазылған.

Өзбекстандық сенат мүшелері жаңа нормалар жасанды интеллект саласын қауіпсіз дамытуға құқықтық негіз қалыптастырып, цифрлық қызметтерге деген сенімді арттырады деп есептейді.

Құжат Өзбекстан президентіне қол қоюға жіберілді.