"Өз қызын зорлады" деп айыпталған Талдықорған тұрғыны өмірлік түрме жазасын алды

Көрнекі сурет.

Талдықорған соты "өз қызын зорлады" деп айыпталған 39 жастағы ер адамды кінәлі деп танып, өмірлік түрме жазасын берді. Бұл жөнінде "31 арна" жазды. Сот жабық өтті.

Іс материалдарына қарағанда, жәбірленуші қыз анасына өзіне жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткенін жазда айтқан. Айтуынша, мұндай күш көрсету жеті жыл бойы жалғасып келген.

"Сотталушы Қылмыстық кодекстің 121-бабы («Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық») бойынша кінәлі танылсын, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оған өмір бойы білім беру саласында жұмыс істеуге тыйым салынсын" деді үкімді оқыған Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.

Сотталушыға химиялық кастрация жасалмақ.

Ақпаратқа қарағанда, Талдықорған тұрғынының орташа білімі болған. Тұрақты жұмысы болмаған. Оның төрт баласы бар.