Орал жұрты көктем "барар жеріңе жетіп көр" дейтін сынақтан өтеді. Қаланың жасы да, кәрісі де діттеген жеріне көлшік су мен батпақ кешіп жетуге мәжбүр. Билік өкілдері мәселені мойындайды да, жыл сайын жол жөндеуге миллиондаған теңге бөлінгенін айтып есеп береді. Бірақ көктем келгенде сынақ қайта басталады.
"ТОПЫРАҚ ПЕН ҚАР СУЫНАН ТҮЗІЛГЕН БАТПАҚ"
Татьяна Смирнова жеке сектордағы Светлая көшесінде тұрады. Үлкен мөлтекаудан болғанымен, мұнда асфальт төселген көшелер аз. Көктемде топырақ жолмен жүру қиын: көшеде асфальт болмаған соң, балшық пен қар суынан түзілген батпақ аяққа жабысып, аттап бастырмайды. Мөлтекаудан тұрғындарына түнгі аяз бен жылы күн ғана көмектеседі: суықтан артық ылғал қатып, көше біртіндеп құрғай бастайды.
– Көшемізде дүкен не автобус аялдамасы жоқ. Московская көшесіне бару керек. Арасы бір квартал ғана болғанымен, ол жаққа жету мүмкін емес: белуардан келетін батпақ пен көлшік суды айналып өту қиын. Емханаға жету үшін үйден ерте шығу керек. Жер құрғап қалса да, мұндай кезде үйден шықпауға тырысамыз, – дейді зейнеткер.
Тұрғындар үйіне тізеден келетін батпақ пен су кешіп жетуге мәжбүр. Орал, 1 сәуір 2020 жыл
Көшеге шығудың машақаты көп болғандықтан, Татьяна Смирнова мен күйеуі азық-түлік қорын алдын-ала жинап алып, көктемде үйде отыруға тырысады.
Татьяна бәрінен де балалы отбасыларға қиын екенін айтады. Мектеп оқушыларына күн сайын балшық пен су кешіп, бірнеше шақырым жердегі мектепке баруға тура келеді.
– Бізге қашан асфальт келетінін білмеймін. Біраз жыл бұрын жол сала бастады, ана жерге тротуар салды, бірақ одан пайда жоқ. Тротуарды жағалап, ұзаққа бара алмайсың, бәрібір айналып келіп, осы балшыққа кезігесің, – дейді ол.
Мамандар көшедегі батпақ пен су жол мен тротуарды дұрыс жобаламаудан пайда болатынын айтады. Орал, 1 сәуір 2021 жыл.
Үлкен көлшікті суретке түсіріп жатқан тілшілерді көрген жергілікті тұрғын Дмитрий көктемде көлікпен жүру де қиын екенін айтты.
– Тізеден келетін батпақтан көлік үнемі лай болып жүреді, күніне үш рет жууға тура келеді. Көліктің астыңғы жағы сынып кетеді. Осы лайдың бәрін асфальтқа апарамыз, осыдан басқа көшелерге де зиян келеді. Батпақтан келетін зардап шаш-етектен. Ал мынау үлкен көлшікке жыл сайын бір көлік түсіп кетіп, шыға алмай қалады, – дейді Дмитрий.
Ол көшеде жақында салынған тротуардан басқа жағдай жасалмағанын, асфальт жол туралы айтпағанның өзінде, қар суы ағып кететін арнайы арықтар мен шұңқырлар да жоғын көрсетті.
Сарапшылар жол жағдайына әсер ететін тағы бір фактор ретінде "қаржы тапшылығын" атап, жөндеу жұмыстарына қазіргіден де көп ақша бөлінуі керегін айтады. 1 сәуір 2020 жыл
ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ 60 МЛН ДОЛЛАР БӨЛІНГЕН. НӘТИЖЕ ҚАЙДА?
Батыс Қазақстан облысы жолы нашар өңірлердің арасында жыл сайын көш бастап тұрады. Республикалық деңгейде көтерілген мәселені жергілікті билік өкілдері де жоққа шығармайды. Жол жағдайын жақсарту үшін жыл сайын бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы қарастырылады. Былтыр Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласындағы жолдарды жөндеуге 26,2 миллирд теңге (60 миллион доллар) бөлінген. Билік бұл ақшаға "жақсы әрі қанағаттанарлық деңгейдегі" жолдардың үлесін үш пайызға (31 пайыздан 34 пайызға) арттыруды көздеген. Бұл туралы 2020 жылы облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов хабарлаған. "Батыс Қазақстан облысындағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына өте аз қаржы бөлінеді, облыс орталығы мен аудандардың арасы алыс, кейде бұл қашықтық 600 шақырымға дейін жетеді" деген пікір де бар.
Жақсығұлов көшесінің суретте көрсетілген бөлігі былтыр жөнделген. Орал, 31 наурыз 2021 жыл.
2020 жылы облыс орталығы Орал қаласындағы көшелерді жөндеуге 5,3 миллиард теңге (12,4 миллион доллар) бөлінген. Мердігерлер бұл ақшаға 53 көшеге асфальт төсеуге уәде берген. Бұл тізімдегі 13 көше құрылыс кезіндегі қателіктерге байланысты әлі күнге пайдалануға берілмеген. 13 көшені жөндеу жұмыстары биыл да жалғасады.
– Орал көшелеріндегі осындай жағдайға әсер ететін бірнеше факторды атап өтуге болады. Біріншіден, құрылыс сапасы төмен: көше жөндеу және қажет технологияны сақтау үшін сапасыз материалдар сатып алады. Екіншіден, кадр мәселесі: мердігер компанияларда жол құрылысын жетік білетін жақсы мамандар жоқ. Үшіншіден, мердігердің ниеті мен тапсырыс берушінің (әкімдіктің) жауапкершілігі, – дейді жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталық инженері Нұрсұлтан Нұрмұхамбетов.
Былтыр жөндеуден кейін 13 көше талапқа сай болмағаны үшін қабылданбаған. Бұл көшелердің жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деп күтіліп отыр. Мердігерлер жұмысты уақытылы өткізбегені үшін жауапкершілікке тартылмайды. Мамандардың пікірінше, жол сапасына кері әсер ететін себептердің бірі – осы. Орал, 1 сәуір 2021 жыл.
Сарапшының пікірінше, бәрін бірден жазалауға болмайды. Өйткені жол жөндеумен айналысатын мамандар қалмауы мүмкін. Нұрмұхамбетов мердігерлердің жұмысты көбіне уақытылы әрі сапалы орындамауын қаржының "кеш әрі жеткіліксіз" бөлінуімен байланыстырады.
Инженер көшені жинау да маңызды екенін еске салып, қар шығару, тротуарды тазалауға да мән беру керегін айтады. Былтыр Орал көшелерінің тазалығын сақтауға 1,6 миллиард (3,7 миллион доллар) теңге бөлінген. "Жайық таза қала" компаниясы бұл ақшаға көшелер мен тротуарлардың тазалығын сақтап, қарды уақтылы шығарып тұруға міндеттелген. Бірақ биыл қыста қала тұрғындары мұз қатқан тротуарлардың үстімен жүру қауіпті екенін айтып, шағынумен болды.
Жолда жаңбыр мен қар суы ағып кететін арық пен жерасты шұңқыры болмағандықтан, тротуарлар батпақ пен суға толады. Мұндай артық судан арылтатын жүйе салу "өте қымбат тұрады". Орал, 1 сәуір 2021 жыл.
ЖОЛДЫҢ БҮЛІНГЕН ТҰСТАРЫН ЖӨНДЕУ ӘДІСІНДЕГІ ОЛҚЫЛЫҚТАР
Нұрсұлтан Нұрмұхамбетов Орал көшелерінде жыл сайын жүретін жолдың бүлінген тұстарын ғана жөндеу жұмыстарына назар аударды. Ол мұндай шара жұмыстың барлық кезеңін дұрыс жүргізгенде ғана тиімді болатынын айтады.
– Жолдың бүлінген, тесілген жерлерінің көлемін кеңейтіп, қоқыс пен шаңнан тазартып, битум құйып, содан кейін ғана асфальт төсеу керек, – дейді ол.
Оралдағы жаңа мөлтекаудандағы үйлерге қарай төселген жолдың үстіндегі қар суынан түзілген үлкен көлшік. Орал, 31 наурыз 2021 жыл.
Азаттық тілшілері жолай Әбілхайыр хан даңғылында екі жұмысшының алдын-ала тазартылмаған шұқырға құрғақ асфальт төгіп жатқанын көрді. Нұрмұхамбетов мұндай әдіс жол жөндеу жұмыстарына қойылатын талаптарды бұзатынын айтып, артынша "бұл уақытша, жөндеу жұмыстарына дейінгі шара шығар" деген пікір білдірді.
2021 жылы жолдың бүлінген тұстарын жөндеуге бюджеттен 350 миллион теңге (815 мың доллар) бөлінген. Қала көшелерінің жартысынан көбінде ғана асфальт бар. Орал қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің дерегінше, Орал қаласындағы көшелердің 62,8 пайызына ғана асфальт төселген. Көшелердің 72,15 пайызы жақсы әрі қанағаттанарлық деңгейдегі жолдар санатына жатады.