Мұрат Нұртілеудің сыртқы істер министрі қызметінен босатылғаны жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы 26 қыркүйек күні таңертең Ақорда сайтында жарияланды. Нұртілеу президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Тоқаев сыртқы істер министрі лауазымына Ермек Көшербаевты тағайындады. Ол 2025 жылдың ақпанынан бері премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған. 2023-2025 жылдары аралығында Шығыс Қазақстан облысын басқарған. Оған дейін 2020-2023 жылдары Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болған. Оның алдында шамамен екі жыл сыртқы істер вице-министрі мен жауапты хатшы қызметтерін атқарған.
Жұма күні сонымен бірге Ержан Қазыхан президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметінен алынып, Женева қаласындағы (Швейцария) БҰҰ-ның бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі лауазымына тағайындалғаны белгілі болды.
Ал Ержан Ашықбаев Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті 2021 жылдан бері атқарған.
"НҰРТІЛЕУДІҢ ҰСТАЛУЫ"
Мұрат Нұртілеу шамамен екі апта бұрын оның "ұсталғаны " жөнінде сыбыс тарағаннан кейін қызметінен босатылып отыр. Бұған дейін Orda.kz басылымы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталған деп хабарлаған. Бірақ ресми органдар ақпаратты дереу жоққа шығарған.
Басылымның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қысқа уақыт ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Нұртілеу Гаджиевтің көмегімен арнайы қызмет ішінде көлеңкелі құрылым құрған. Ол Нұртілеудің мүддесі үшін аңдумен айналысқан, өздеріне жақпайтындарды қудалаған.
Ұсталғаны жөнінде сыбыс тарағаннан кейін алғаш рет жұрт алдына көрінген сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу (алдыңғы қатарда сол жақта) парламентте президент жолдауын тыңдап отыр. Астана, 8 қыркүйек, 2025 жыл.
5 қыркүйекте сыртқы істер министрлігі Мұрат Нұртілеу Harvest Group компаниясының өкілдерімен кездесу өткізгені жөнінде хабарлама таратып, Нұртілеудің бірнеше суретін жариялаған. Ал Orda сурет бұрын түсірілгенін айтқан. Редакция өз тұжырымдарынан қазір де айнымаған.
49 жастағы Мұрат Нұртілеу бұған дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болған, оған дейін Қазақстан СІМ-де істеген.