АҚШ қорғаныс министрлігі ядролық қару алып ұшуға қабілетті Minuteman III құрлықаралық баллистикалық зымыранын (ҚБЗ) сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Мұны Newsweek басылымы жазды. Бұл – президент Дональд Трамптың ядролық сынақтарды қайта бастау туралы мәлімдемесінен кейінгі алғашқы америкалық ҚБЗ сынағы болмақ.
Басылымның хабарлауынша, зымыран қарашаның 5-і немесе 6-сы күндері Калифорния штатындағы Ванденберг әуе-ғарыш базасынан ұшырылмақ. Ядролық қаруы жоқ зымыран Тынық мұхиттың үстімен ұшып, Маршалл аралдарындағы Кваджалейн атоллындағы зымыранға қарсы қорғаныс полигонына жетуі тиіс.
Салмағы 36 тонна тартатын, қатты отын қуатымен ұшатын Minuteman III баллистикалық зымыраны АҚШ қарулы күштерінің қару-жарақ қорына 1970 жылы енгізілген. Қазіргі кезде АҚШ-та шамамен 400 дана Minuteman III зымыраны бар, олар үнемі жаңғыртылып отырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Державалар ядролық сынақпен қайта қоқан-лоқы жасай бастады. Неге?Пентагонның мәлімдеуінше, мұндай сынақтар жыл сайын бірнеше рет өткізіледі және сыртқы саяси факторларға байланысты емес. Кейінгі жолы АҚШ зымыран сынағын биыл мамыр айында, ал былтыр екі рет өткізген.
Кейінгі апталарда Ресей де бірқатар ядролық қару жеткізуге арналған зымырандарын сынақтан өткізді. Атап айтқанда, "Буревестник", "Ярс" және "Синева" зымырандары ұшырылып, "Посейдон" суасты аппараты сынақтан өтті.
Кремль өкілі Дмитрий Песков Вашингтон ядролық сынақ жасауға тыйым салу жөніндегі қазір қолданыстағы мораторийді бұзған жағдайда, Мәскеу "жағдайға сай жауап қайтаратынын" ескертті.