Қазақстанда еңбек мигранттарының басым бөлігі жергілікті халық өздерімен жақсы қарым-қатынас жасайды деп санайды

Қазақстанның оңтүстігінде мақта теріп жүрген еңбек мигранттары.

Қазақстанда еңбек мигранттарының басым бөлігі - 90 пайызы – жергілікті халық өздерімен жақсы қарым-қатынас жасайды деп жауап берген. Халықаралық көші-қон ұйымының шілдеде жүргізген сауалнамасы осыны көрсеткен. БҰҰ-мен байланысты құрылым 3 қазанда әлеуметтік зерттеудің нәтижесін жариялады. Оған Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан екі мыңнан астам мигрант қатысқан.

Респонденттердің 6 пайызы жергілікті тұрғындармен көп араласпағанын айтқан, 2 пайызы қазақстандықтармен қарым-қатынас жасау тәжірибелерін бағалай алмайтынын, 2 пайызы сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Сұралғандардың 1 пайызы тіл жағынан кедергі және мәдени алшақтықтарды алға тартып, қазақстандықтармен қарым-қатынасын нашар деп бағалаған.

Респонденттердің жартысы Қазақстанға нәпақа табу үшін Өзбекстаннан келгендерін айтқан. 12 пайызы — Тәжікстан, 11 пайызы — Ресей, 7 пайызы — Қырғызстан, тағы 7 пайызы — Қытайдан келгендерін айтқан.

Халықаралық көші-қон ұйымының жазуынша, Қазақстандағы еңбек мигранттарының қозғаушы күші экономикалық факторлармен тығыз байланысты. Мигранттардың үштен бірі жоғары табысты көздеп, келгендерін айтқан. 30 пайызға жуығы өз елдеріне деген географиялық жақындықты атап өткен. 19 пайызы Қазақстанда таныс-достарының бар екенін алға тартқан.

15 пайызы Қазақстанда өз елдерінен келген өзге де мигранттар қауымдастығы барын айтқан, 13 пайызы жұмысқа орналасу оңай екенін айтарлықтай маңызды фактор деп атап көрсеткен. Тағы 13 пайызы Қазақстанда қауіпсіз екенін айтқан.

Сұралғандардың үштен бір бөлігіне жуығы Қазақстанда жүріп өз елдеріне ақша жібергенін айтқан. Олар айына орташа есеппен 363 доллар жібереді.

43 пайызы айлық табысының 51-75 пайызын елдеріне жіберетінін, 32 пайызы - 76 пайызынан астамын, 11 пайызы 26-50 пайызын үйлеріне жіберетінін атап өткен. Респонденттердің 72 пайызы өздерінің қазіргі қаржылық жағдайларына көңілдері толатынын айтқан.

Экономикасы мұнайға тәуелді Қазақстан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның жүздеген мың азаматтары нәпақа табу үшін баратын негізгі бағыттардың бірі. Мигранттар негізінен құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласында істейді.