Биыл тамызда Алматы облысы Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылында АЭС құрылысы ресми түрде басталды. Қазақстан мен ресейлік "Росатомның" ресми өкілдері нысан салынатын жерге жиналып, салтанатты шара өткізді.
АЭС жобалары қоғамда көп сынға қалған. Ресейдің жобасы Қазақстанды Мәскеуге геосаяси тұрғыда тәуелді етеді деген азаматтар қаупі мен бұл қоршаған ортаға қатер төндіреді деген экологтер уайымын Қазақстан үкіметі негізсіз деп санайды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасын ашу рәсімінде сөйлеп тұр. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылы, 8 тамыз 2025 жыл. Атом энергиясы жөніндегі комитет таратқан сурет.
Атом электр станциялары – геосаяси жоба. Кәдімгі шикізат сауда-саттығынан айырмасы – мұндай ірі жобаның құрылысы серіктес екі елді ондаған жылдар бойы бір-біріне байлап қояды. АЭС-ке отын жеткізу, техникалық қызмет көрсету, кадр даярлау және қауіпсіздікті бірлесіп бақылау сияқты жұмыстарды екі ел бірлесіп атқарады. Сондықтан әлдебір елдің ядролық компаниясы көбіне сыртқы саясат құралы деп қарастырылады.
Саясаттанушылар Ресей қай елде АЭС салса, сол елге ықпалын күшейтіп жатыр деп есептейді. Онысы негізсіз емес. Мәселен, "Росатом" өз серіктестік орнатқан елді реактордың бүкіл қызмет ету мерзіміне, яғни шамамен 60-80 жыл бойына отын мен сервистік қызметке тәуелді етеді.
Қазақстан үкіметі АЭС салады деп Ресей мен Қытайды қатар айтты. Мұны көпшілік Астананың геосаяси тепе-теңдікті сақтау ұмтылысы деп түсінді. Мәскеу – Астананың ресми тілмен айтқанда – сенімді стратегиялық серіктесі. Оның ел экономикасы мен саясатына ықпалы зор. Сондықтан Астана алғашқы АЭС жобасын Мәскеумен жасасқанда жұрт аса таңырқаған жоқ.
Your browser doesn’t support HTML5
Мәскеу не ұсынды? Қытай неге ұнады? Қазақстандағы АЭС жобаларына шолу
Екі ел не ұсынды?
Ресей мен Қытайдағы атом энергиясы саласының даму тарихы әртүрлі. Сондықтан технологиялары ерекшеленеді. Бірақ қауіпсіздігі мен тиімділігі жағынан ұқсас. "Росатом" Қазақстанға ВВЭР-1200 үлгісін ұсынып отыр.
Бұл – уақыт сынынан өткен советтік әрі ресейлік ВВЭР желісінің жетілдірілген нұсқасы, ең жаңа қауіпсіздік жүйелерімен толықтырылған "3+ буын" реактор.
Мұндай реакторлар қазір бірнеше елде жұмыс істеп тұр. 2016-2018 жылдардан бері Ресейде төрт блок, Беларусьте екі блок іске қосылған. Бұл технология Венгрия, Египет, Түркия, Бангладеш, Қытай және өзге елдердегі жаңа жобаларға да таңдалған.
Беларусьте "Росатом" салған Островец атом электр станциясының алғашқы реакторын іске қосу барысы.
Ал Қытай Hualong One деп аталатын "3+ буын" реакторын ұсынған. Оның қуаты шамамен 1000-1150 МВт болады. Ол Қытайдың ішкі зерттеулері негізінде, шетелдік технологияларға ұқсата отырып жасалған. Hualong One екі контурлы салқындату жүйесімен, қос қабатты герметикалық қорғаныс қаптамасымен және белсенді-пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімімен жабдықталған, яғни басқа заманауи реакторларға, оның ішінде "Росатомдікіне" ұқсайды.
Алғашқы Hualong One блогы Қытайда 2020 жылы іске қосылған. Содан бері жаңа блоктар бірінен соң бірі пайдалануға беріліп жатыр.
Қытайдың бұл технологиясы да шетелде танылып үлгерді. Hualong One реакторының екі блогы Пәкістандағы Карачи АЭС-інде тұр. Олар 2021-2022 жылдары қосылып, Пәкістанның энергия өндіру қуатын арттырды. Пекин енді Аргентинада да осы блокты салмақ.
Қуаты, қауіпсіздік деңгейі, қызмет ету мерзімі сияқты көрсеткіштер бойынша Ресей мен Қытайдың атом электр станциялары ұқсас. Екеуі де реакторлардың "3+ буынына" жатады, яғни қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Бұл – станция блогында балқыған ядроны ұстап қалатын тұзақ қойылған, апаттық жағдайда салқындатудың белсенді және пассивті жүйелері бар, постфукусималық стандарттарға сай келеді.
Көрнекі сурет.
Сонда Қытай мен Ресей жобаларының айырмашылығы не дерсіз. Бірінші айырмашылық технологияны игеру мен оны сатып алушы елге беру сипатында көрінеді. Пекин серіктес елге технологиялық әріптестік ұсынуға бейіл.
Қытайдың ұлттық атом компаниясы Қазақстанмен технологияларын бөлісуге және ядролық отын циклін басқаруда көбірек құқық беруге дайын екенін айтқан. Яғни, Пекин Астанаға атом технологиясын қолжетімді етіп, ел ішінде атом инфрақұрылымының отын құрастыру, инженерлерді оқыту сияқты жекелеген элементтерін бірлесе дамытуға қарсы емес.
Ал Ресей істі басқаша жүргізеді. "Росатом" станцияны толықтай өзі салады, отынды өзі жеткізеді әрі пайдаланылған ядролық отынды кейін қайта өңдеуге не сақтауға кері алып кетеді. Бір жағынан, Қазақстан ядролық қалдық мәселесіне бас ауыртпайды.
Бірақ екінші жағынан, мұндай схема кезінде негізгі технологиялар мен операциялардың бәрі Ресейдің бақылауында қалып, жергілікті мамандар АЭС жұмысынан шет қалады.
Қауіпсіздік стандарты
Қытай мен Ресей АЭС-терінің екінші айырмашылығы – қауіпсіздік стандарты. Қарастырылып отырған екі реактор да халықаралық талаптарға сай келеді, алайда ұлттық стандарттар мен реттеу тәжірибесінде айырмашылықтар бар.
АЭС салу мен оны пайдалану ісінде Ресейдің көп жылдық тәжірибесі бар. Бұл жұмысты Ресейдің өз ішіндегі құзырлы органдардан бөлек, халықаралық ұйымдар да бақылайды. Мәскеу ядролық залал үшін жауапкершілік жөніндегі негізгі халықаралық келісімдерге қол қойған, соның ішінде МАГАТЭ-нің Ядролық залал үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясына мүше.
Ал Пекин бұл конвенцияға әлі қол қойған жоқ. Бұл – қытай реакторында әлдебір апат болса, өтемақы төлеу мәселесі халықаралық жауапкершілік құжатын мақұлдаған елдердегідей айқын болмайды деген сөз.
Көрнекі сурет.
Пекиннің атом технологиясы бойынша қауіпсіздік стандарттары Ресейдің және Батыс елдерінің тәжірибесіне қарағанда төмен деген сын айтылады. Қытайда атом саласы қарқынды дамып келеді, бірақ кейбір сарапшылар Қытайдың бұл саланы қадағалау мен бақылау тәсілдерінің Батыс елдеріндегідей қатаң емес екеніне алаңдаушылық білдірген.
Әзірге Hualong One реакторларында қандай да бір апат болған жоқ. Қауіпсіздік стандартына сай емес деген дерек те болған емес. Бірақ Қытай әлемді өз стандарттары мінсіз екеніне сендіруі керек. Атом технологиясының қауіпсіздік мәселесі Семей полигоны сияқты ауыр да қасіретті күндерді бастан кешкен Қазақстан халқына аса маңызды екені айтпаса да түсінікті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ғалым Тоғжан Қасеновамен Семей полигоны және "бейбіт атом" жайлы сұхбатҚытай мен Ресей АЭС-терінің үшінші айырмашылығы атом станциясын іске қосқанда көрінеді. Мысалы, пайдаланылған отын мәселесін алайық. Ресей әдетте отын қолданылып болған соң оны өзіне қайтарып алады. Бұл "Росатомның" Беларусь, Түркия, Бангладешпен жасасқан келісімдерде көрсетілген.
Ал Қытай пайдаланылған отынды кері қабылдау қызметін ұсынбайды. Мысалы, Пәкістан АЭС қалдығын өзінде сақтайды. Демек, қытайлық реакторды сатып алған мемлекет қауіпті ядролық қалдықты сақтайтын қойма мәселесін өзі шешуі керек. Мұны қытай моделінің бір кемшілігі деп атайды. АЭС құрылысы бойынша әзірше тәжірибесі жоқ Қазақстан қалдық мәселесін үшінші елмен келісіп шеше ме, қойма сала ма – әзірше белгісіз.
Қорыта айтқанда, Ресей "біз бәрін өзіміз жасаймыз, саған өз шартымызбен дайын станция береміз" десе, Қытай "біз саған технологияны арзанырақ әрі жылдам береміз, оны игеруді үйретеміз, бірақ жауапкершіліктің бір бөлігін өзің аласың" дейді.
Шығын мен уақыт
АЭС салудың экономикалық шарттары – кез келген мемлекетке шешуші фактордың бірі. Ал Ресей мен Қытайдың ұсыныстары бұл тұрғыда біраз ерекшеленеді.
Қытайдың АЭС жобасының артықшылығы – баға мен жылдамдық. Қуаты шамамен 2 ГВт болатын 1 блокты АЭС салудың әдеттегі құны 5-7 млрд доллар көлемінде бағаланса, Қытай бір блокты небәрі 2,8 млрд долларға тұрғызуды ұсынды.
"Росатом" қатысатын жобаның құны, Қазақстанның ресми деректері бойынша, екі блогы үшін шамамен 14 млрд доллар деп бағаланған. Қазақстан үкіметі бұл шығын құрылыс кезінде өсіп кетуі де мүмкін деп ескерткен. Ресей басқа елдерге де АЭС-ті шамамен осындай қаржыға салған. Мысалы, Бангладештегі екі блокты "Руппур" АЭС-і – 12,5 млрд доллар, Түркиядағы төрт блокты "Аккую" АЭС-і шамамен 20 млрд доллар тұрады.
АЭС-ті салып біту мерзімі де әртүрлі. Қытайда реакторды орта есеппен 5-7 жылда салады, ал "Росатом" жобаны әдетте 6-9 жылда бітіреді. Қытай құрылысшылары тез жұмыс істейді әрі шешім қабылдау процесі ресейлік менеджменттен гөрі жылдам деген пікір бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Үшінші АЭС: Қазақстан тағы да Қытайды таңдады. Неге?Ресейдің шетелдегі жобалары түрлі кедергіге тап болып жатады. Лицензиялау рәсімдері ұзақ жүреді, жобаны тапсырыс беруші елдің талаптарына бейімдеу қиын болуы мүмкін, қаржыландыру мәселесі де шығады. Мысалы, Үндістандағы "Куданкулам" АЭС-і кеш іске қосылды, Түркиядағы "Аккую" жобасында құрылысы кешігіп жатыр.
Көрнекі сурет.
АЭС – өте қымбат жоба. Сондықтан ақшаны кім және қандай шартпен беретіні де маңызды. Мысалы, "Росатом" АЭС шығынының негізгі бөлігін мемлекеттік кредит түрінде қаржыландырады. Мәселен, Бангладеште Ресей құрылыстың 90 пайызын мемлекеттік экспорттық кредит арқылы қаржыландырған. Египетте де құны 30 млрд доллар болатын жобаның шамамен 85 пайызы ресейлік кредит есебінен төленіп жатыр. Яғни, Ресей өзінің АЭС жобасын алған елге қарыз береді, қарызды ол ел станция іске қосылғаннан кейін ондаған жыл бойы қайтарады. Қазақстан билігі де осы жүйеге сүйеніп, Ресейден кредит алу мәселесін қарастырып жатыр.
Кейде "Росатом" ақша орнына АЭС үлесіне алуы мүмкін. Мысалы, Түркиядағы "Аккую" АЭС-ін салып жатқан ресейлік тарап – қатардағы мердігер емес, станция акциясының 99 пайызына ие инвестор. Ресей құрылысты толықтай өзі қаржыландырып, кейін инвестициясын электр энергиясын сату арқылы өтеп алмақ.
Ал Пекин АЭС саларда сол елге ірі көлемде кредит беруі мүмкін, бірақ нысанды өз балансына алмайды. Мәселен, Пәкістанда Қытай банктері жаңа реакторлардың құнының шамамен 80–85 пайызын жеңілдетілген шартпен қаржыландырды. Аргентина да 8 млрд доллар болатын қытайлық АЭС құрылысының 85 пайыз шығынын Қытайдың Мемлекеттік банкі беретін кредитпен төлемек.
Өзге елдер тәжірибесі
Ресей мен Қытай атом электр станцияларын басқа елдерде қалай жүзеге асырғанына қарайық. Кейінгі жылдары "Росатом" шетелде көптеген жобаны іске асырып жүр. Олардың арасында сәтті аяқталғандары да, түрлі кедергіге тап болғандары да бар.
Ал Қытай реакторларын әлем елдеріне енді экспорттай бастады. Сондықтан оның шетелдік тәжірибесі аздау.
"Росатом" шетелде бір мезгілде салып жатқан энергоблоктар саны бойынша әлемде көш бастап тұр. 2024 жылдың басына қарай корпорация әлемнің алты еліндегі жеті АЭС-те 19 энергоблок салып жатты. Атап айтсақ, Түркияда – 4 блок, Египетте – 4 блок, Қытайда – 4 блок, Үндістанда – 4 блок, Бангладеште – 2 блок және Иранда – 1 блок. Оның бәрі дерлік 2030 жылдардың басына қарай пайдалануға берілуге тиіс.
Көрнекі сурет.
Жуықтағы жетістіктердің бірі – Беларусь АЭС-і. Островец қаласында екі ВВЭР-1200 блогы шамамен жеті жыл ішінде салынып, 2020–2021 жылдары іске қосылды. Қазір станция жылына шамамен сағатына 18 млрд кВт электр энергиясын өндіріп, Беларусь қажеттілігінің біршама бөлігін өтеп отыр.
Бангладештегі "Руппур" АЭС-інде екі ВВЭР-1200 реакторын салу аяқталуға жақын: бірінші блокты 2024 жылы, екіншісін келер жылы іске қосу жоспарланған. Жоба 2017 жылы басталған. Үндістандағы "Куданкулам" АЭС-інде "Росатом" екі ВВЭР-1000 блогын салды. Оны 2013 және 2016 жылдары пайдалануға берген. Қазір сол жерде тағы төрт блок салынып жатыр.
Қытайдағы Тяньвань АЭС-інде ресейлік мамандар 2007-2018 жылдары төрт ВВЭР-1000 блогын тұрғызып, оларды қытайлық энергетикалық жүйеге сәтті кіріктірді. Қазіргі уақытта жаңа блоктарды салу мәселесі талқыланып жатыр. Ресей ұзақ уақыт тоқтап тұрған жобаны қайта қолға алып, Ирандағы "Бушер" АЭС-інде алғашқы реакторды 2013 жылы салып бітіріп, іске қосты.
"Росатомның" сәтсіз жобалары да баршылық. Ең ірісі – Финляндиядағы Hanhikivi-1 жобасы. 2013 жылы "Росатом" финдік Fennovoima компаниясына 1200 мегаваттық реактор салуға келісіп, тіпті оның 34 пайыз акциясын сатып алған еді. Алайда жоба сегіз жылға жуық уақыт бойы ақырғы лицензияны ала алмады. Ал 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде Финляндия бұл келісімнің күшін жойды. "Росатом" бұл шешімге наразы болып, өтемақы талап етіп, Финляндияға қарсы сотқа жүгінді. Іс әлі аяқталған жоқ. Бірақ "Росатомның" Еуропадағы ең ауқымды жобаларының бірі сәтсіз аяқталғаны – ақиқат.
Тағы бір мысал ретінде "Росатомның" Иорданиядағы жобасын айтайық. 2015 жылы Ресей Иорданиямен екі блокты АЭС салу жөнінде келісімге қол қойды. Бірақ бірнеше жылдан кейін жоба тұралап қалды. Иордания құрылыс құны тым қымбат деп, екі тарап қаржыландыру мәселесінде мәмілеге келе алмады. Оның үстіне реакторларды сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілмей қалды. 2018 жылы иордандықтар "Росатомның" жобасынан бас тартты. Мұндай жағдай Оңтүстік Африкада да болды. 2014-2016 жылдары АЭС құрылысы бойынша өткен тендерде Ресей басты үміткер саналатын. Бірақ елде билік ауысқан соң, жаңа басшылық бұл жобаны шамадан тыс қымбат деп танып, ядролық қуат көзін дамыту бағдарламасын жауып тастады.
Көрнекі сурет.
"Росатом" жобалары кейде өндірістік қиындықтарға да тап болады. Мәселен, Түркияда салынып жатқан "Аккую" АЭС-інде екі жыл бұрын да, биыл да жұмысшылар жалақының кешігуіне байланысты ереуілге шыққан. Мұны сарапшылар Ресей тарабы санкциялар әсерінен қиындыққа тап болғанының бір көрінісі деп біледі.
Ал Қытайдың АЭС-ін әлемге экспорттауда тәжірибесі аз. 1990 жылдардан бері Қытай Пәкістанға қуаты 300 МВт болатын шағын реакторларын алуға көмектесті. 2017 жылға қарай Чашма АЭС-інде төрт блок іске қосылды.
Ал 2021–2022 жылдары Қарачи қаласында екі жаңа Hualong One блогы пайдалануға берілді. Екі блок шамамен алты жылда салынды. Жоба құны 9 млрд доллар болып, оның 82 пайызын Пәкістан Қытай берген кредит есебінен жапты. Осы станциялар іске қосылған соң, Пәкістандағы атом генерациясының үлесі 10 пайызға жетті. 2023 жылы екі ел тағы бір блок салу бойынша жаңа келісім жасасты.
Көрнекі сурет.
2022 жылы Қытай Аргентинамен келісім жасасты. Оның құны 8 млрд доллар болады. Шығынның 85 пайызын Қытай мемлекеттік банкі несиелендірмек. Құрылысты толықтай қытай мамандары жүргізеді. Бұл – Қытайдың Латын Америкасындағы алғашқы ядролық жобасы болады.
Еуропада қытайлық реакторлар әзірге лицензия алған жоқ. Hualong One-ды Ұлыбританияда сертификаттау процесі 2017 жылы басталғанымен, саяси себептермен тоқтап қалды.
Сонда Қытайдың табысты жобалары әзірше тек дамушы және Пекинмен серіктес болғысы келетін елдерде жүзеге асқан. Дамыған, атом технологиясын қатаң реттеу талаптары бар жерде Қытайдың АЭС салуда әлі тәжірибесі жоқ.