Маңғыстауда Каспий жағалауынан жүзден аса өлген итбалық табылды

Өлген итбалық. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, 9 қараша, 2024 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Асан кентінен Баутино мүйісіне дейінгі аралықта Каспий теңізі жағалауынан кемінде 112 өлген итбалық табылған. Мұндай ақпаратты Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі Facebook-парақшасында жариялады.

Департамент мамандары 3 қараша күні теңіз жағалауында итбалық өлекселері жатыр деген тұрғындардан түскен хабарға байланысты, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко, Баутино елді мекендерінің теңіз жағалауынан су сынамаларын алған. Облыстық балық инспекциясы басқармасы өкілдерімен бірлесіп, Асан ауылынан Баутино мүйісіне дейінгі аралықтағы жағалау бойын шолып шыққан кезде 112 өлген итбалық тапқан.

Асан елді мекенінен Форт-Шевченко қаласының жағажайына дейінгі аралықта – 39, ал ол жерден Баутино мүйісіне дейінгі аумақтан – 73 өлексе табылған.

Каспий теңізі жағалауында табылған итбалықтардың жаппай қырылуына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Судан алынған сынамаларды талдау мен итбалық өлексесіне жасалған патологиялық зерттеу қосымша уақыт қажет етеді.

Маңғыстау облысында теңіз жануарларының жаппай қырылуы бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. Биыл мамырда ондаған өлген итбалық пен құс, сол айдың аяғында Форт-Шевченко маңында 117 өлген итбалық табылған еді.

2024 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі итбалықтардың жаппай қырылуына жоғары патогенді құс тұмауы вирусы, иммун тапшылығы аясындағы нейровирустық инфекция, сондай-ақ теңіз түбінен бөлінген табиғи газ әсерінен тұншығу (асфиксия) себеп болуы ықтимал деген долбар жасаған.

Тәуелсіз экологтар мен жергілікті тұрғындар бұл жағдайлардың бір бөлігін осы өңірде мұнай өндірумен айналысып жатқан компаниялардың қызметімен байланыстырады. Алайда компаниялар теңіз жануарларының қырылуына қатысы барын жоққа шығарып келеді.

  • Кейінгі бір ғасырда Каспий итбалығының саны 90 пайызға азайған. 2008 жылы Табиғатты қорғау халықаралық одағы (IUCN) итбалықтың бұл түрін жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына қосқан. Ал 2020 жылы Каспий итбалығы Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді.