Макрон Себастьян Лекорнюді Францияның премьері етіп тағы тағайындады

Себастьян Лекорню

Франция президенті Эммануэль Макрон Себастьян Лекорнюді премьер-министр етіп тағайындап, үкіметті жасақтауды тапсырды. Бұл жөнінде Елисей алаңы хабарлады.

Лекорню 6 қазанда - өзі тағайындалған кезден бір айға жуық уақыт өткенде және өз кабинетін таныстырғаннан соң бірнеше сағаттан кейін отставкаға кеткен. Макрон оның отставкасын қабылдаған.

Лекорню X желісінде Франция президентінің өзіне артқан жауапкершілікті қабылдайтынын жазды. Ол сонымен бірге "жыл соңына дейін Францияны бюджетпен қамтамасыз ету үшін" қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

"Біз француздардың жынына тиіп отырған саяси дағдарысты және Францияның беделі мен мүдделеріне нұқсан келтіретін тұрақсыздықты тоқтатуымыз керек" деді ол.

Оған дейін премьер-министр болған Франсуа Байру қыркүйектің басында отставкаға кеткен – 8 қыркүйекте парламент оның үкіметіне сенімсіздік білдірді.

Байру қаржы тапшылығын қысқарту үшін қатаң экономикалық шараларды қарастыратын бюджет жобасын парламенттен өткізе алмаған. Жексенбі күні сарапшылар Лекорню үкіметінің де қолынан бұл іс келмейді деп болжаған.

  • Президент Макрон былтыр жазда тиісті реформа жүргізу мақсатында кезектен тыс парламент сайлауын өткізгеннен кейін Францияда қазіргідей саяси дағдарыс қалыптасқан. Ол кері нәтиже берді: саяси күштердің ешқайсысы да ұлттық жиында басымдыққа ие бола алмады, есесіне көп орынға Макронмен әріптестік орнатудан бас тартқан әсіреоңшылдар мен әсіресолшылдар ие болды.