Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаслан Мәдиевті премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі етіп тағайындады. Бұл туралы 29 қыркүйекте президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдиев бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып істеген. Ол министрлік биыл 18 қыркүйекте жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жасанды интеллект, жаппай цифрландыру, "даукес әйелдер", бір палаталы парламент. Тоқаев жолдауында не айтты?Президент Тоқаев биылғы жолдауында жасанды интеллект пен жаппай цифрландырудың маңызы және оған басымдық беру жайлы айтқан еді. Жолдаудың негізгі тақырыбы "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" деп аталған.
Сонымен бірге президент Тоқаев Ғани Бейсембаевты Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатып, оның орнына Жұлдыз Сүлейменованы министр етіп тағайындады деп хабарлады Ақорда дүйсенбі күні. Сүлейменова 2023 жылдың 29 наурызында биліктегі Amanat партиясынан мәжіліс депутаты болып сайланған.
Бұдан бөлек, президенттің өкімімен Жандос Өмірәлиев Қазақстан Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Оған дейін осы лауазымды атқарған Тимур Тәшімбаев қызметтен босатылды.