Кремль Украинадағы соғысты тоқтатпай-ақ АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне манипуляция жасауға тырысып жатыр. Бұл жөнінде америкалық Соғысты зерттеу институтының (ISW) есебінде айтылған.
Сарапшылар Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың 18 қыркүйекте айтқан сөзіне назар аударады. Ол кезде Лавров Трамп АҚШ пен Ресей арасындағы екіжақты экономикалық, технологиялық және өзге қатынасты қалыпқа келтіру үшін "Украина тақырыбын" екі елдің күн тәртібінен алып тастамақшы деп айтқан. Оның алдында бір күн бұрын Лавров АҚШ-тың Ресей президенті Владимир Путинді экономикалық келісімдерге "итермелеу талпыныстары" соғысты тоқтатпайды деп айтқан.
"Кремль Трампты Украинадағы соғыс тақырыбын АҚШ пен Ресей арасындағы екіжақты, әсіресе экономикалық саладағы қарым-қатынас талқысынан ажыратуға мәжбүрлеуге тырысып жатыр. Кремль бір мезетте Украинадағы соғысты жалғастырып, Ресей экономикасына қазіргі және алдағы санкциялардың қысымын, әсіресе соғыстың негізгі дем берушісі - Ресейдің энергоресурстарын сатудан түскен кіріске қарсы бағытталған санкцияның ықпалын азайтуға тырысып жатыр" деп санайды ISW сарапшылары.
ISW есебінде сонымен бірге Кремль Трамп әкімшілігінен Украина бойынша қандай да бір жеңілдіктерге ие болу үшін Ресей мен АҚШ арасында экономикалық және іскерлік қатынасты кеңейту мақсатында Ресей тіке инвестиция қорының бас директоры Кирилл Дмитриевті пайдаланып отырғаны жазылған. Дегенмен Кремль өзінің Украинадағы бастапқы әскери мақсаттарынан айнымайтындығын да көрсетіп отыр. Бір мезетте ресейлік шенеуніктер Ресейді келісім жасауға бейім ел ретінде көрсетуге күш салып жатыр.
18 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбритания премьері Кир Стармермен баспасөз жиыны кезінде Путинмен жақсы қарым-қатынасының арқасында Ресей мен Украина арасындағы соғысты бітіруге шамасы жетеді деп ойлағанын, бірақ Путин "өзін жерге қаратқанын" айтқан.
Трамп сонымен бірге ЕО-ның кейбір елдері Ресейден әлі мұнай сатып алып отырғанын сынады.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру бойынша "нақты ұстаным" қажеттігін және Ресейге қарсы АҚШ президент әкімшілігінің батыл қадамдары жетіспейтінін айтты. Sky News арнасына берген сұхбатында Зеленский Трамптың "ЕО елдері Ресейдің энергоресурстарынан бас тартқан кезде ғана АҚШ жаңа санкция салатыны" туралы мәлімдемесін жанама түрде сынады. Зеленскийдің сөзінше, АҚШ әлемдік держава ретінде Ресейге қысым жасай алады және ол үшін "өзгелерді күтудің қажеті жоқ".