Украинада француз фототілшісі ресейлік дрондардың шабуылы кезінде опат болды

Антони Лаликан

Украинаның Донецк облысында француз фототілшісі Антони Лаликан қаза болды. 3 қыркүйекте Дружковка ауданында оған дрондар шабуылдаған. Дрон шабуылы кезінде тағы бір журналист, Kyiv Independent басылымының фототілшісі Георгий Иванченко жараланды деп хабарлады ұлттық журналистер одағының жетекшісі Сергей Томиленко.

Ақпаратқа қарағанда, журналистерге қашықтан басқарылатын бейнекамерасы (FPV) бар ресейлік дрон шабуыл жасаған. Журналистерде "баспасөз" деген жазу болған. Украиналық фотографтар қауымдастығының Instagram хабарламасында Лаликан мен Иванченко көлікте болғаны жазылған, кейін бұл хабарлама өшірілді.

38 жастағы Лаликан Украинадағы соғыс ошақтарында 2022 жылдан бері істеген. Оның суреттері әлемдік ақпарат құралдарында жарияланды. 2024 жылы Безансондағы суреттер фестивалінде "Кенет аспан күңгірттенді" (Suddenly the sky darkened) атты фоторепортаж үшін Виктор Гюго сыйлығымен марапатталды.

Франция президенті Эммануэль Макрон X желісінде Лалликанның отбасы мен туыстарына, әріптестеріне көңіл айтты.

Украинада 2022 жылдан бері соғыстан ақпарат таратқан 30-дан астам журналист пен медиа қызметкері қаза болды. Ондаған адам жараланған.