Франция Навальныйдың түрмеде улануына қатысты құжатпен танысып шықты

Париждегі Франция сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

"Франция батыстың екі зертханасының қорытындысымен танысып шықты, оған сәйкес Алексей Навальный уланған болуы мүмкін" деп жазылған Франция сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде.

"Франция Алексей Навальныйдың өліміне кінәні Ресей билігіне артады және оның қайғылы өлімін жан-жақты тергеуге бұдан әрі қарай да шақырады" деп жазылған мәлімдемеде.

Сәрсенбі күні Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная батыс елдеріндегі бір-бірінен тәуелсіз екі зертхана Навальныйдың былтыр ақпанда түрмеде уланып өлгенін растады деп мәлімдеген. Ол осындай қорытынды жасаған зертханаларды зерттеу нәтижесін жариялауға үндеген. Юлия Навальная қорытынды әлі күнге дейін "саяси себеппен" жарияланбай отыр деп санайды.

Алексей Навальныйдың биологиялық материалдарын зерттеген зертханалар қайда орналасқанын және кімге тиесілі екенін Навальная айтқан жоқ. Франция СІМ мәлімдемесінде де ол жөнінде ештеңе айтылмаған.

Бейсенбі күні ресейлік оппозициялық саясаткер Владимир Кара-Мурза "Дождь" телеарнасының эфирі кезінде батыс елдерінің зертханалары Навальныйдың уланғаны жөнінде деректерді "арнайы қызметтердің өзара келісіміне" байланысты жарияламайтынын айтқан. Ол өзінің жеке тәжірибесіне сүйенген: 2020 жылы АҚШ әділет министрлігі оған 2015-2017 жылдары Ресейде уланғаны жөнінде ФБР жүргізген тергеу қорытындысын тапсырған.

"Олар талдау жүргізіп, ізінше нәтижесін жасырды" деді Кара-Мурза. Оның сөзінше, ФБР 1947 жылғы ұлттық қауіпсіздік туралы АҚШ федералдық заңына сүйенген. Оған сәйкес, "арнайы қызмет жұмысының тәсілдерін әшкерелейтін" құжаттарды жариялауға болмайды.