Физика саласындағы Нобель сыйлығы кванттық механика саласындағы зерттеулері үшін америкалық ғалымдар Джон Кларк, Мишель Деворе және Джон Мартиниске берілді.
Нобель комитеті хабарламасында ғалымдар «электр тізбекте макроскопиялық кванттық туннельдеуді және энергияның квантталуын ашқаны үшін» марапатталғаны айтылған.
Лауреаттардың есімдерін Стокгольмде Нобель комитеті жарияланды.
Джон Кларк — британдық-америкалық физик, Калифорния университетінің (Беркли) эксперименттік физика профессоры, асқынөткізгіштік құбылысын зерттеумен айналысады.
Мишель Деворе — француз физигі, Йель университетінің қолданбалы физика профессоры, сондай-ақ Google корпорациясы Quantum AI бағдарламасының ғылыми жетекшісі.
Джон М. Мартинис — америкалық физик, Калифорния университетінің (Санта-Барбара) профессоры, сонымен қатар Google компаниясының кванттық компьютерлер мен жасанды интеллектке қатысты жобаларына қатысқан.
Бұл ғалымдардың кванттық механика саласындағы жаңалықтары қазіргі заманғы кванттық компьютерлердің, атап айтқанда, асқынөткізгіш кубиттерге (белгілі бір температурада электр кедергісі нөлге тең асқынөткізгіш материалдардан тұратын схемалар) негізделген құрылғылардың жасалуына негіз болды.
Нобель апталығы аясында дүйсенбіде медицина саласы бойынша лауреаттар анықталған. Сәрсенбіде химия саласы бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болады, ал бейсенбіде әдебиет саласындағы, жұмада бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты жарияланады.