Ал Ресейдің НАТО-ға Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру шарттарын таңуға құқығы жоқ деп санайды.
Финляндия президенті Александр Стуббтың пікірінше, "тілек білдірушілер коалициясы" (Украинаға әскерін орналастыруға келіскісі келетін елдер коалициясы) айтып жүрген Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру – егер Ресей соғыс аяқталғаннан кейін Украинаға қайта шабуылдаса, Еуропа елдерінің Ресейге қарсы тұруға дайын екендігін білдіреді.
Британдық Guardian басылымына берген сұхбатында Стубб Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі Киев пен оның батыстағы одақтастары арасындағы келісімнің өзегі болуы керек, ал Ресейдің мұндай кепілдіктің шарттарын нұсқауға құқығы жоқ деді
Финляндия президенті алайда қазіргі кезде Мәскеу бейбіт келіссөз жүргізуге ықылас танытып отырмағанын айтады. Владимир Путиннің мақсаты мен көзқарасына тоқталған Александр Стубб "бұл соғыс өте маңызды және ол одан жеңілгісі келмейді. Ол бәлкім, жаңа тарихта ең ірі стратегиялық қателік жасаған адам болар және барлық стратегиялық мақсаттарында сәтсіздікке ұшырады. Бұл мәселе келіссөз үстеліне отырған кезде [көтерілетін жайт], бұл ертерек болады деп үміттенемін, бірақ қазір пессимистік көңіл-күйдемін" деді ол.