Еурокомиссия Ресейге қарсы 19-санкция пакетін мақұлдады

Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен

Еурокомиссия Ресейге қарсы 19-санкция пакетін мақұлдады. Бұл жөнінде брифинг кезінде ведомствоның ресми өкілі Паула Пиньо мәлімдеді.

Оның сөзінше, Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен және Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кайя Каллас сәл кейінірек тиісті хабарландыру жариялайды.

Фон дер Ляйен 16 қыркүйекте санкция пакетіне банктер, энергетика мен криптовалюта кіретінін хабарлаған.

"Шикізат есебінен күн көріп отырған Ресейдің әскери экономикасы Украинадағы қантөгісті қаржыландырып отыр. Бұған нүкте қою үшін комиссия Ресей отынын импорттаудан кезең-кезең бойынша бас тартуды жылдамдатуды ұсынады" деді ол.

ЕО бұған дейін де теңіз арқылы Ресейдің мұнайын импорттауға тыйым салып, ресейлік мұнайға 47,6 доллар (бір баррелі) көлемінде шектік баға белгілеген. Бұған дейін әзірленген жоспарға сәйкес, ЕО Ресей мұнайынан 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап бас тартуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Еуроодақ Ресейге тыйым салынған бірқатар тауар түрлерін тасымалдағаны үшін Қазақстанға алғаш рет санкция енгізуді қарастырып жатқаны жөнінде хабар тараған. Санкция пакетінің мазмұны жөнінде әзірге толық мәлімет жоқ. Қазақстанға жанама санкция салынғаны-салынбағаны әзірге белгісіз.