Қазақстанда екінші атом электр станциясы Алматы облысында салынуы мүмкін.
“Атом саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті, онда атом станциясы құрылысына арналған екінші орын таныстырылды. Ол жаққа тиісті барлық мемлекеттік органдар енген... Келесі орын ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы анықталды” деді сәрсенбі күні журналистерге атом энергиясы жөніндегі агенттіктің басшысы Алмасадам Сәтқалиев.
Ол мұны оңтүстіктегі энергия тапшылығымен түсіндірді. Дегенмен екінші АЭС-ті кім салатыны белгісіз. Бұған дейін елде екінші және үшінші АЭС-ті қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation) корпорациясы салуы мүмкін деп айтылған еді.
“Барлық тараптармен келіссөз жүргізіп жатырмыз және CNNC салады деген түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бірақ CNNC компаниясын АЭС құрылысы бойынша басымдық беретін мердігер ретінде қарастырамыз” деді ол.
Ол атом станциясын салуға қатысты "халықтың пікірі ескерілетінін" де атап өтті.
Қазақстанда бірінші атом электр станциясына қатысты сұрақтарға толық жауап берілмеген шақта билік екінші және үшінші атом электр станциялары туралы айта бастаған. 8 қыркүйек күнгі халыққа жолдауында да Тоқаев екінші және үшінші атом электр станциясы құрылыс жобаларын бастауды тездетуді тапсырған еді. Бұған дейін бірінші атом электр станциясын ресейлік "Росатом" салып беретіні белгілі болған. Екіншісі және үшінші станцияларды салу қытайлық CNNC-ға тапсырылуы мүмкін.