"Жеке адамның ұрлығы"
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматы қаласындағы Үлкен Алматы өзені маңында әлдекімдер жүк көлігіне гранит тастарды тиеп әкетіп жатқанда үстінен түскенін айтады. Ол соңынан ілескен әлгі көлік Алматының іргесіндегі Талғар ауданындағы қабірге құлпытас әзірлейтін цехқа ұқсайтын жерге жетіп тоқтаған. Сол жерде белсенді тас тиелген жүк көлігіндегі өзін "Жақсылықпын" деп таныстырған адамға жолығып, жөн сұрайды.
– Мына тасты қайдан алып келе жатырсыз?
– Үйден, күресіннен алдық.
– Қай күресіннен?
– Әйтейден.
– Әйтей? Мына жерге неге алып келдіңіз?
– Бұл пайдаланылған, сынған заттар ғой.
– Мыналар сынбаған бүтін ғой! Тасып әкеп, қабірге құлпытас жасайтын цехқа өткізеді. Тіпті не айтарымды білмей тұрмын, осының бәрі өте қолайсыз жайт. Сатып жатырсыздар ма?
– Жоқ, жоқ. Сатып жатқан жоқпыз. Біз жай ғана әкеп беріп жатырмыз, ары қарай кесіп, сызып өздері істейді ғой.
– Біз сіздің артыңыздан Бірінші президент саябағынан ілесіп келе жатырмыз. Әйтей емес. Сіздің қай жақтан алғаныңызды білем. Үлкен Алматы өзені бойынан алып жатырсыздар.
– Білмеймін, есімде жоқ.
– Есіңізде жоқ па? Енді мұны қайтадан тиеп, алған жаққа апарасыз. Түсінікті ме? Олай істемесеңіз қазір 102 (полицияның байланыс нөмірі) шақыртам. Ұрлық. Мынау деген бюджеттің ақшасына алынған, бұл – қаланың мүлік-дүниесі.
"Полиция шақыртам" дегеннен бе, әлде әрекетінің заңсыз екенін түсінді ме, жүк көлігінің жүргізушісі белсендінің айтқанын сөзге келместен орындады. Ол жалпақ гранит тастарды қайтадан көлікке артып алып, алған жеріне – Алматыдағы Бірінші президент саябағына апарып, сол жерге түсірді.
Бірақ Боқаев бұған дейін де Алматы қаласының орталығындағы жаяу адам өтетін жолға төселген тастарды бұзып алып, қала сыртындағы жеке бір үйге апарғандардың ісін әшкерелеп, полиция шақыртқанымен, құқық қорғау органдарының самарқаулығынан көңілі қалғанын айтты.
– Енді оларды шақыртудың еш мәні жоқ, – деген белсенді Алматы полиция департаментінің жұмысына минус деп баға берді.
Азаттық осы жайтқа байланысты Алматы қаласы әкімдігіне хабарласты. Экология және қоршаған орта басқармасы бұл оқиғаны "жеке адамдардың ұрлығы" деп атады.
Алматы экология және қоршаған орта басқармасы:
"15 қыркүйек кешкісін бөтен манипулятор көлік 12 плитаны заңсыз алып кеткен. Жүргізуші мұны белгісіз адамның өтінішін орындап, күзетшімен сөз байласып жасағаны анықталды. Жүргізушінің сөзінше, оған 50 мың теңге төлеуге уәде еткен. "Павлодар өзен порты" АҚ гранит тастар ұрланғаны жайында полицияға арыз жазды, ішкі істер органы қылмыстық іс қозғады".
Ресми ақпаратқа қарағанда, Үлкен Алматы өзені бойынан екі мыңнан астам гранит тас алынған. Тең жартысы қайта орнатылған. Үлкен Алматы өзенінің арнасын толық жөндеуге жауапты компания өкілі Амангелдінің сөзінше, бүлініп, пайдалануға жарамсыз болып қалған тастардың орнына бетон құю жөнінде келісім жасалған.
– Қазіргі таңда өз тарапымыздан және жобалаушы мекемемен бірге келісіп, осындай бетонмен жасау келісімі болған, – деді ол.
Ал белсенді Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзені маңында жүріп жатқан жұмыстың сапасы да сын көтермейді дейді. Ол компания өкілі айтып тұрған, гранит тастардың орнына құйылған бетон әлден үгіліп, жарылып жатқанын айтты.
– Өте әдемі көрінетін, жан-жағы теп-тегіс гранит плиталар ол жерде әлі кемі 20-30 жыл жатса да былқ етпей шыдас берер еді, халық қаржысына салынған тастарды түгел қопарып тастаған, – дейді белсенді қынжылыспен.
Үлкен Алматы өзені арнасының 5,7 шақырым аумағы қазір қайта жөнделіп жатыр. Жобаға бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген. Бас мердігер – "Павлодар өзен порты" акционерлік қоғамы атты жеке компания. Оның екі құрылтайшысының бірі – экс-депутат Мейрам Пшембаевтың қызы Долорес Пшембаева. BESmedia сайтының жазуынша, ол Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнара Досаевамен бірге Павлодар облысындағы әлеуметтік жобада серіктес. Ақпаратқа қарағанда, Досаева жетекшілік ететін жобаға "Павлодар өзен порты" компаниясы қолдау көрсетеді.
"Жауапты шенеуніктерді жазаласа ғана тәртіп орнайды"
Ал гранит тастарды тасып әкетіп жатқан оқиғаны әкімдіктің "ұрлық" деп атағанына белсенді Санжар Боқаев келіспейді. Себебі мұны жоққа шығаратын әрі тұрақты түрде жасалғанын айғақтайтын видеоматериалдар бар дейді.
– Бір апта бұрын бізге жұрттан түскен видеоларда сол жерден тастарды бұзып әкетіп жатқаны көрінеді. Ол әлгі біз ұстаған емес, басқа манипулятор тастарды алып шығып жатқаны көрінетін видео менде бар. Ол оқиға 7 қыркүйек күні болған. Мұның бәрі жүйелі түрде жасалып жатқаны мен үшін айдай анық, – деді алматылық белсенді.
Санжар Боқаев осыдан үш апта бұрын Алматыда болған тағы бір оқиғаны түсіріп, видеосын жариялаған. Онда қаланың орталық бөлігінде бюджет қаражатына алынған жабын тастарды (брусчатка) тиеп алған әлдебір жүк көлігі Алматының іргесіндегі Жандосов ауылына барып, әлгі заттарды біреудің жеке үйіне апарып түсіргені көрсетілген. Кейін полиция шақырып, әкімдік ресми мәлімдеме жасады.
Your browser doesn’t support HTML5
"Саяси амбициям жоқ емес". Санжар Боқаевпен сұхбат
Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжанға берген сұхбатында Санжар Боқаев бұл оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.
– Ұстап алдық, тәркіледік. Полицияны (102) шақырттық сол уақытта. Келесі күні маған ішкі мемлекеттік қаржы аудитінен, департаменттен хабарласты. Келіңіз, іс қозғауға дайынбыз деп. Соларға бүкіл құжаттарды апарып, түсіндірдім. Осы схеманың негізінде жатқан бір үлкен коррупцияны көрсеттім. Олар келесі күні Медеу ауданын тексеру жұмыстарын бастады, қазір ол жүргізіліп жатыр. Бір ай көлемінде нәтижесі шығар деп үміттенем, – деді белсенді.
– Медеу ауданы әкімі өзі шығып жауап берді. Не деді, келістіңіз бе?
– Мүлде келіспедім, өйткені ол басқа жабын тастарды көрсетіп, "бұл тас 2004 жылы орнатылған" деді. Ал негізінде мен кейін тендердің құжаттарын көтеріп, ол жер 2017 жылы жаңартылғанын көрсеттім. Сондықтан халықты алдау әдісі деп есептеймін онысын, бұл – мемлекеттік қызметкер үшін үлкен жауапкершілік ретінде заңдарда қарастырылған. Сол себепті өтірік айтқаны үшін заң жүзінде іс қозғауға болатын еді. Оның "бүкіл ескі брусчатканы әкімшіліктің қоймасына тапсырамыз" деген сөзі де жалған ақпарат болып щықты, ешқандай қойма жоқ, – деді Боқаев.
Белсенді әлгі жерге ғана төселіп жатқан брусчатка тым қымбатқа түскен, бүкіл қала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарда да дәл солай дейді.
– Менің есептеуімше, Алматы қаласын ғана алсақ, биылдың өзінде 200 млрд теңгеге тиімсіз жұмыстар жүргізілді, мысалы, Сайранды алайық, Үлкен Алматы өзенін алайық, Үлкен Алматы каналы болсын, әрқайсысына 12 млрд теңгеден бөлген. Қажет емес жұмыстар жасалып жатады, жолдарды қазып тастайды да, ішіндегі құбырларды ауыстырамыз дейді, ал қарасаң ол құбырды ауыстырудың қажеті жоқ, әлі 20 жыл жұмыс істейтін құбыр, әшейін бюджетке салып қойған қаржыны игерудің жолы, оны ешкім түсінбейді. Негізінде бізде әкімшілікте мықты маман да қалған жоқ. 2000 жылдары болған мықты маманның бәрі пенсияға кетті. Қазіргі көптеген жастар оны түсінбейді, – деді Боқаев.
– Ал егер мұндай оқиғалар дамыған елдерде, дамыған қоғамда болса, оған реакция қандай болады? Қазақстанда қандай реакция болды?
– Батыс мемлекеттерін, дамыған елдерді алсақ, мұндай фактілерді әшкерелеген кезде бұл әшейін ғана қоғамдық пікірталаспен шектелмей, үлкен бір қылмыстық іс қозғалуына себеп болып, жауапты шенеуніктерді жұмыстан кетіретін еді. Мысалы, нақты брусчатка мәселесін алсақ, Медеу ауданының әкімін, осы салаға жауапты Алматы қаласы әкімінің орынбасарын және деңгейде нақты жауапты шенеуніктердің әрқайсына іс-шара қолданып, жауапқа тартқанда ғана басқару жүйесінде бір тәртіп орнығар еді.
– Алматыдағы мәселені жұртқа көрсеттіңіз. Қазақстанның өзге өңірлерінде жағдай қалай деп ойлайсыз?
– Жалғыз Алматыда емес, бүкіл облыстарда дәл осындай. Алматыдағы 200 млрд теңгеге басқа облыстардағыны қосқан кезде, жыл сайын 1 триллион теңгеден астам қаржы тиімсіз жұмсалады. Ал 3 триллионы – нақты жемқорлық. Егер жемқорлық пен тиімсіздікті жоя алсақ, бізде бюджет тапшылығы болмас еді.
– Бюджетті игеру деген не? Қарапайым тұрғынға қалай түсіндіресіз?
– Бізде бюджетті игеру деген әлі күнге совет заманындағы өлшеммен қарастырылады, ол дұрыс емес, бізге басқадай көрсеткіш қолдану керек. Біріншіден, бөлінген ақшаға жұмыс жасалды ма, екіншіден, бөлінген ақшадан қанша қаржы үнемделді деген мәселе. Мысалы, 2021 жылы "Павлодар өзен порты" компаниясы 12 млрд теңгеге Cайранды абаттандыру жұмыстарын ұтып алды. Олар келісімшартқа 5 желтоқсанда қол қойып, сол айдың 25-і күні 250 млн теңгені өз шотына қабылдап алған. Әлі еш жұмыс басталмаған, олар тек жұмысты қабылдап, бірдеңе жасалды деген кезде ғана жібере алады. Әкімшілік қаржы әйтеуір жұмсалды, игерілді деген көрсеткіш үшін жасап жатыр деп ойлаймын, сондай фактілер өте көп. Тендер құжаты бойынша, Сайранды 2024 жылы аяқтап, пайдалануға беруі керек еді, бірақ олар биыл ғана бітірді.
– Мұндайда заңда жауапкершілік қарастырылмаған ба?
– Қарастырылған әрине, бірақ заң жүзінде оны қолданып жатқан ешкім жоқ. Мысалы, оны тиімсіз орындаушы ретінде тізімге енгізіп, Алматы қаласында, жалпы елімізде басқа жұмыстарға жобаларға тендерлерге қатыстырмау керек еді.
Екіншіден, ондайға айыппұлдар салу қарастырылған. Мысалы, Алматыдағы Құрманғазы көшесін алайықшы. Былтыр ғана асфальт төселді, Жароков көшесіне де осыдан бір ай бұрын төселген асфальт жиырылып, ойнап кеткен. Енді соны жасаған мердігерді шақыртып, келісімшартқа сәйкес мынаның бәрін өз есебіңізден жөндеңіз деп талап етуі керек. Одан кейін олар тек бір жылдық мерзім жазып қояды әдейі, жылда жасау үшін, өз компаниялары жұмыс істейді ғой, сапасы өте төмен, кепілді мерзімін 1-2 жыл деп жазып қояды. Басқа мемлекеттерді алсақ, Қытайда кемі 10 жыл, АҚШ-та 15 жыл кепілдік беріледі ондай жол жұмыстарына. Солай жасап қойған, 14 жыл өтіп, егер бүлініп жатса, мердігер компанияны шақырады да, өз ақшаңды шығарып істейсің деп үстінен іс қозғайды, сол үшін әу бастан сапалы жасайды.
– Кез келген жобаға мердігер компания жауапты және оны қадағалайтын орган – әкімдік жауапты делінеді. Бұл жерде қоғамның рөлі қандай, сол жерде тұратын азаматтар не істеуі керек?
– Сол азаматтар мәселені көре тұра өте шықпай, тым болмағанда "мынау дұрыс емес" деп айтуы керек. Халық, қоғам селқос қарамай, белсенділік танытып, кері байланыс орнатса пайдасы тиер еді. 2023 жылы қоғамдық бақылау жөнінде өте жақсы заң қабылданды, қазақстандықтардың көбі одан бейхабар. Сол заңды басшылыққа алып, 4-5 адам болып жиналып, осындай мемлекеттік органдарға, әкімшілікке келіп, біз қоғамдық бақылау жасаймыз, мына заң бойынша біздің ондай құқығымыз бар деп белсендірек болса, іс алға басар еді негізі, бірақ оны ешкім айтып жатқан жоқ. Мысалы, Алматыдағы Open Almaty қоғамдық қабылдау алаңы сияқты астанада, облыс орталықтарында бар, сол жерге тұрғындардан түсіп жатқан арыз-өтініштерді қарап, оларды жауапты басқармаларға жіберетін ситуативті талдау орталықтары бар.
Білесіз бе, Алматыда ешөашан асфальт көрмеген 200-ден астам көше бар, жаңбыр жауса үнемі ми батпаққа айналып, кішкентай бүлдіршіндер мектепке жете алмай қиналады. Тағы айтайын, ол сонау шалғай шеттегі ауыл емес, осы Алматының ішінде.
– Ең үлкен көшелердегі асфальтті жыл сайын ауыстырады ғой, Алматыда ақша көп, жергілікті билік соны қайда жұмсарын білмей отыр деуге келе ме?
– Солай деуге келеді, неге десеңіз, мысалы, АҚШ-тағы Хьюстон қаласының бюджетін қарап шықтым. Хьюстон қаласының бюджеті – 5,6 млрд доллар. Солардың бір шаршы километрге жұмсағанын біздің Алматының бюджетінен жұмсалған ақшамен салыстырар болсақ, біздегі бір шаршы километр Хьюстанға қарағанда екі есе қымбатқа түседі екен, бірақ сапа жағын мүлде салыстыруға келмейді. Хьюстондағы тек қала жолын алсақ, ұзындығы жағынан Алматыдан он екі есе артық.
– Алматыда құрылыстың өзіндік құны жоғары, оған қоса Қазақстанда құрылыс материалдары қымбат деген уәж айтатын шығар?
– Мейлі, қымбат болсын, бірақ қаржы тиімсіз жұмсалады ғой. Мысалы, Хьюстонда жол жиегін жасаған кезде бүкіл бордюрді тұтас етіп қойып шығады, бітті, енді 20 жыл оған ешкім тиіспейді, жыл сайын бордюр ауыстыру деген атымен жоқ. Ал әр екі жылда бір бордюр ауыстыратын біз сол 20 жыл ішінде 5 есе көп ақша төлейді екенбіз сол кішкентай жерге. Әрине, біздікі тиімсіз екені түсінікті.
– Қазақстан билігі бюджет қаржысы қалай жұмсалатынын бақылап, араласуға әр азаматтың құқығы бар, әкімдік тұрғындармен ақылдасуға әркез ашық, бізде барлығы тең дегенді жиі айтады. Өзіңіз бюджет қаржысын бөлу мәселесіне араласып көрдіңіз бе?
– Бюджетке араласу үшін біріншіден, әкімдікке кіріп, бюджетті қабылдайтын мәслихат отырысына қатысқаныңыз жөн. Өйткені, бүкіл басқарма келесі жылға арналған бюджетін сол жерде талқылап, бекітеді. Ал біз мәслихатқа кіре аламыз ба? Жоқ. Сіз қазір әкімдікке журналист ретінде кіріп көріңізші. Сізді онда кіргізбейді. Сонда біз бюджетке қалай араласа аламыз? Сондықтан билік сөйлей береді. Шектеу бар. Қаншама миллиардтаған ақша қайда, қалай бөлінетінін сізге ешкім көрсеткісі келмейді. Ашықтық, бақылау болмағандықтан ақша жымқыру ойыны да жалғаса береді.
– Сіз де кіре алмайсыз ба кез келген сәтте?
– Мен әуелі жауапты адамға хабарласып, мен барамын, күтіп алыңыз деп ескертемін, сөйтіп онымен бірге ішке кіремін.
– Өзіңіз анықтаған фактілерді «жемқорлық» деп айтып жүрсіз. Оған нақты айғақ-дәлеліңіз болмаса, жалпылама сөз болмай ма?
– Мен нақты фактілерім болған соң айтамын, егер біреу келіспейтін болса, сотқа берсін, сотта сол айтқанымды дәлелдеп беруге дайынмын.
– Осы белсенділігіңіз үшін біреуден қысым көрген кезіңіз болды ма?
– Қоғамдық-саяси жұмыстармен өткен бес жыл ішінде ондай қысымдар, оңаша кездесулер, артымнан аңдығандар да болды, бірақ әрқайсына тоқталып жату көп уақыт алатын сияқты.
– Мысалы, ауылды жерде көшенің уақытында жөнделуіне, асфальт төселуіне қарапайым азаматтар қалай әсер ете алады? Сурет я видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаумен мәселе шешіле ме?
– Қоғамдық қадағалау және дер кезінде талап ету дегеніміз тек фото/видео салып жіберу емес. Алматыда белсенділер бар, олар eOtinish сервисі арқылы мәселе көтеріп, әлгіндей проблема барын тиісті орындарға жеткізіп, қоғамдық сұрау салады. Видео-фотосын қоса тіркеп, мемлекеттік органдардың назарын бұрады. Ондай адамдардың қарасы ақырындап көбейіп келе жатыр. Осындай белсенділікті әдетке айналдыру керек. Сонда ғана әкімшілік тиімді жұмыс істей бастайды.
Ал ешкім сұрамаса, онда әрине, білгенін істеп, жұрт көзіне сүйел болған брусчатканы жылда ауыстырып отыра береді немесе керек жерге асфальт ешқашан төселмейді. Әлгі 200-ден астам асфальты жоқ көшеде тұрып жатқан азаматтар арасында оны мәселе етіп көтеруге ерік-жігері жететіндер аз. Көпшілігі "қойшы соны, әйтеуір тыныштық болса болды" деп шаң жұтып жүре беруге бар. Әйтпесе белсенділік танытып, проблеманы жұрт болып жұмыла көтеріп, көптің талабын билікке жеткізсе, онда әрине, оны шешуге мүмкіндік пайда болар еді, – дейді Санжар Боқаев.