Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясы 80-сессиясының жалпы дебатында БҰҰ-ның жарғысын қайта қарауды, оны дұрыс қолданбау құжаттың беделіне нұқсан келтіретінін айтты. Ол БҰҰ қазіргі кезде "миллиондаған адамның үмітінің символы" болып қалғанымен "көпжақты институтқа қатысты сенім дағдарысының" туындауына көз жұма қарау мүмкін емес деді.
"Халықаралық құқықты өрескел бұзу "жаңа әдетке" айналды, бұл әлемдік тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, халықтар, саяси басшылар мен мемлекеттер арасындағы сенімді әлсіретіп жатыр. Осындай қысылтаяң шақта бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына септесуіміз керек, ол қазіргі әлемнің болжап біле алмайтын қиындықтарына жақсы бейімделе алуы керек" деді Тоқаев.
Ол БҰҰ-на реформа қажеттігін атап өтіп, ұйымды реформалау бойынша нақты ұсыныстар айтатын топ құру керектігін алға тартты.
"Қауіпсіздік кеңесін реформалау БҰҰ-ны жаңартуға бағытталған талпыныстардың өзегі болуы керек. Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері Қауіпсіздік кеңесіне ротациялық негізде ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінде жауапты орта державалардың да үнін айтарлықтай күшейту керек деп нық сенеді" деді Тоқаев.
Оның айтуынша, БҰҰ тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарай нағыз қадамдар жасауы керек, әйтпесе ұйым "салдармен ғана күресіп, түп-тамырында жатқан себептер шексіз көбейе бермек".
"Өзіміздің БҰҰ жарғысына айнымастығымызды қайта растап, бұл процесті бүгін бастай аламыз. Егемендік, территориялық тұтастық пен дауларды бейбіт реттеудің негізгі принциптері қатаң сақталуы керек. Жарғыны дұрыс қолданбау оның беделіне нұқсан келтіреді" деді Қазақстан басшысы.
Оның сөзінше, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи мұрасы саналатын "жау мемлекеттерге" қатысты жарғы ережелерін халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды.
Тоқаев өз сөзінде сонымен бірге Украинадағы соғыс туралы да айтты.
"Қазақстан Украина төңірегіндегі дағдарысқа сол күйі алаңдап отыр, [бұл соғыс] бейбіт тұрғындарға ірі зардап әкеліп, ғаламдық сенімге нұқсан келтіріп, халықаралық қауіпсіздікті әлсіретіп жатыр. Дегенмен де аталған қақтығысты шешу бойынша екіжақты және халықаралық дипломатиялық талпыныстарды жалғастыра беру керек, саяси икемділік таныту керек, бұл екі елдің де ұзақмерзімді мүддесіне қайшы емес" деді Тоқаев.
"Жер дауын шешу ешқашан оңай болған емес, ол болашақ ұрпақ үшін өзара төзімілік пен жауапкершілікті талап етеді. Қастық психологиясы жанжалға қатысушы тараптардың барлығын құрдымға апарады, бейбітшілікке жол ашпайды" деді Қазақстан басшысы.
Ол өз сөзінде Газадағы жағдайға да тоқталып, Палестинаның тәуелсіздігін қолдайтын қарар қабылдаған БҰҰ-ның шешімін қолдайтынын айтты.
Қыркүйек ортасында Қазақстан БҰҰ-ның "екі мемлекетке қатысты" қарар жобасын құптаған еді.
Тоқаев өз сөзінде ғаламдық жылыну туралы да айтып, Қазақстандағы бірқатар экологиялық мәселелерге де тоқталды. Алатауда мұздықтардың еріп жатқаны миллиондаған адам үшін су және азық-түлік қауіпсіздігі қатерін тудыртады деді. Каспийдің жылдам тартылып жатқанын айтып, бұл тек аймақтық мәселе емес – ғаламдық мәселе екенін атап өтті.