БАҚ: Бучадағы қылмыстарға қатысы бар тағы бес ресейлік офицер анықталды

Бучадағы зират басында. Украина, 2025 жылдың ақпан айы.

Британдық The Sunday Times басылымы Украинаның Буча қаласында 2022 жылы бейбіт тұрғындарды өлтіруге қатысы бар деп саналатын Ресей әскерінің тағы бес офицерінің аты-жөні анықталды деп жазды.

Тәуелсіз заңгерлер мен тергеушілердің зерттеуі нәтижесінде жалпысы Ресей армиясының 13 командирі Бучадағы қылмыстарға жауапты болуы мүмкін тұлғалар ретінде танылған деп жазды басылым. Олардың сегізінің есімдері бұған дейін жарияланған, ал бұл жолы тағы бесеуінің аты-жөні алғаш рет аталып отыр:

  • генерал-майор Вадим Панков — 45-шабуылдаушы десант бригадасының командирі. Тергеушілер болжамынша, ол Бучаның 30 тұрғынын өлтіруге бұйрық берген және басқа жергілікті тұрғындарды қаза тапқан ресейлік сарбаздардың сүйегін жинауға мәжбүрлеген;
  • генерал-полковник Валерий Солодчук — оның қарамағындағы әскер Бучадағы қылмыстарға қатысқан деп есептеледі;
  • полковник Юрий Медведев — оның бөлімшесі 40-тан астам зорлау қылмысына айыпты саналады. Журналистердің дерегінше, Медведевті 2022 жылы өзіне бағынышты сарбаздар бүлік шығарып, өлтіріп тастаған;
  • 5-танк бригадасының командирі, полковник Андрей Кондров — Бучадағы тонау және бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарына қатысы бар әскерді басқарған;
  • полковник Сергей Карасев — басылым дерегіне сай, ол бір бейбіт тұрғынды өзі қолымен атып өлтірген.

2022 жылы Ресей әскері шегінгеннен кейін, Киевтен шамамен 30 шақырым жерде орналасқан Буча қаласынан көптеген бейбіт тұрғын өлі табылған еді. Куәгерлер Бучада Ресей әскері бейбіт халықты жаппай өлтірумен, азаптаумен және тонаумен айналысқанын хабарлаған.

Ресей тарапы өз әскерінің бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыстар жасағанын жоққа шығарып, Киевті "қойылым ұйымдастырды" деп айыптады. Оған қоса Ресейде қорғаныс министрлігінің нұсқасына күмән келтірген азаматтар "жалған ақпарат тарату" және "армияның беделіне нұқсан келтіру" баптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.

Your browser doesn’t support HTML5

Буча қырғыны. Ресей армиясы бір қаланың көшесінде қалай ойран салды?