Bloomberg: Путин эскалацияны Киевке қысым жасаудың ең тиімді жолы деп санайды

Владимир Путин мен Дональда Трамп Анкориджде, тамыз 2025 жыл.

Президент Владимир Путин "әскери эскалация - Киевті Мәскеудің шарттары бойынша келіссөзге көндірудің ең тиімді жолы және Дональд Трамптың Украина қорғанысын нығайтуға қадам жасауы екіталай" деп санайды. Бұл жөнінде Кремльге жақын дереккөздерге сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.

Анкоридждегі саммит кезінде Украинаның шығысында әлі басып алынбаған аумаққа қолқа салып, есесіне соғысты майдан сызығында тоқтатуды ұсынған Путиннің меселін Киев қайтарған соң Ресей әскері Украинаның әскери және азаматтық нысандарына шабуылды үдеткен.

Путин Киевтің энергетикалық инфрақұрылымдары мен өзге де нысандарға соққыны жалғастырмақшы деді дереккөз. Bloomberg дереккөзінің айтуынша, Аляскадағы келіссөздерден кейін Путин Трамптың қақтығысқа аса белсене араласуға бейіл емес екендігіне көзі жеткен.

Ресей әскерінің шабуылды үдетуіне жауап ретінде Трамп Ресей мен оның одақтастарына қарсы санкцияны қатайтуды ұсынған. Bloomberg-тің жазуынша, АҚШ президенті ірі қадамдарды әуелі Киевтің Еуропадағы одақтастары қабылдауы керек деп санайды. Трамп сонымен бірге "Үлкен жетілік" елдерін Ресей газын сатып алғаны үшін Қытай мен Үндістанға қарсы тариф енгізуге шақырған. Ал Еуроодақ өкілдері Ресейден сұйылтылған табиғи газ сатып алудан жедел түрде бас тартуды талқылап жатыр.

Bloomberg-тің жазуынша, Вашингтонның "шыдамдылығы" ресурсы сарқылған жағдайда соғысты жалғастырып, Киевті өзінің шарттарына көндіруге ұмтылып жатқан Кремльге дем беріп отыр. Ресейлік шенеуніктер бұл стратегияның ар жағында Украинаның қорғанысын әлсіретіп, болашақ келіссөзге қолайлы жағдай тудыру талпынысы тұрғанын айтады.

"Путинге Трамп пен еуропалықтарға соғысты ушықтыра алатындығына әлі де қабілетті екенін көрсету маңызды" деді Лондондағы Gatehouse Advisory Partners компаниясының сарапшысы Вита Спивак Bloomberg агенттігіне.

Украина күштерінің дерегіне сүйенген Bloomberg жазуынша, Аляскадағы келіссөзден кейін бір ай ішінде Украинаға жіберілген дрондар мен ракета соққысы шамамен 46% артқан. Зеленскийдің айтуынша, қыркүйек айында Ресей түрлі модельдегі 3,5 дрон, 190-ға жуық ракета мен 2.5 мың бомба пайдаланған.

Дегенмен Bloomberg жазуынша, Ресей әскерінің алға жылжуы бәсеңдеген. Ресей Донецк облысындағы Покровск ауданына 100 мың әскерін шоғырландырса да, украин күштері жерінің біраз бөлігін қайтара алған.

"Украинаның шығысында жазғы шабуыл кезінде олар көздеген бірде-бір елді мекенге бақылау орната алмады" деді сарапшы Алекс Кокчаров Bloomberg-ке берген сұхбатында.

Украина әскері ресейлік мұнай инфрақұрылымына дронмен шабуылды үдеткен, арасында елдегі мұнайдың шамамен жартысын өндейтін кәсіпорындар да бар.

"Путин қысқа қарай ірі жеңіске жетуге ұмтылып жатыр, бірақ майдан даласында сәтсіздікке ұшырап жатыр. Сол себепті ол ядролық бопсалау мен психологиялық қысымға жүгініп жатыр" деді "Жаңа Еуразия стратегиялары" ортылығының ғылыми қызметкері Николай Петров.