Bloomberg: ЕО "Достық" құбырымен мұнай тасымалдауға қарсы шара қолдануды талқылайды

Еуроодақ Ресей мұнайы импортының қалған арналарына сауда шектеулерін енгізуді қарастырып жатыр. Арасында "Достық" мұнай құбыры да бар. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Bloomberg хабарлады.

Қазір "Достық" құбыры арқылы Венгрия мен Словакияға мұнай жеткізіліп жатыр – бұл Ресейден мұнай сатып алуды доғармаған ЕО-ның соңғы мемлекеттері. Бұл екі ел осыған дейін "Ресей мұнайынан толық бас тарту энергетика қауіпсіздігіне қатер төндіреді" деп мәлімдеп, энергетикалық санкцияны қатайтуға бағытталған Брюссельдің бастамаларын бұғаттаған.

Бұл шаралардың Еуроодақтың 19-санкция пакетіне қатысы жоқ. Онда Ресейдің сұйылтылған табиғи газынан бас тарту туралы ұсыныс та бар. 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін ЕО-ға импорт тоқтатылуы керек.

"Достық" мұнай құбырының оңтүстік тармағы Украина аумағымен өтеді. Магистральға тұрақты түрде шабуыл жасалады – Брянск облысы аумағында да құбырға соққы жасалған. Соңғы рет мұнай құбырына соққы жасалғаны жөнінде хабар қыркүйек басында тараған.

Будапешт пен Братислава Украина күштерін "Достық" инфрақұрылымына соққы жасағаны үшін сынаған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Киев өзінің аумағы арқылы мұнай-газ тасымалдауға дайын, бірақ бұл ресейлік шикізат болмауы керек.

"Достық" құбыры 1960-жылдары СССР елдерінен Шығыс Еуропаға – Венгрия, Чехословакия, Польша мен ГДР-ға мұнай тасымалдау үшін салынған.