Бішкекте митингке тыйым салу мерзімі ұзартылды

Бішкектің Бірінші май ауданында митинг пен пикет өткізуге салынған тыйымның мерзімі тағы ұзартылды.

Бірінші май аудандық сотының баспасөз қызметі Азаттықтың Қырғыз қызметіне 30 қыркүйекте сот 2025 жылдың 1 қазаны мен 31 желтоқсаны аралығында наразылықтарға шектеу қою туралы аудан әкімшілігінің өтінішін орындағанын айтты.

2022 жылы наурызда Бірінші май аудандық соты Бішкектің Алатау алаңында, Еркіндік желекжолының бір бөлігі, парламент ғимараты маңы мен үкімет үйінің алдында, Тұрсынбаева саябағында митинг пен пикет өткізуге тыйым салған.

Бұған қоса, Жоғарғы сот ғимараты, Ресейдің Қырғызстандағы елшілігінің алды, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті мен ішкі істер министрлігінің ғимараты маңында бейбіт жиын өткізуге шектеу қойған.

Митинг өткізгісі келгендер Максим Горький атындағы алаңға жинала алады. Бұған дейін тыйым мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Бірқатар халықаралық ұйымдар Қырғызстанда Конституцияда бекітілген азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы бұзылғанын бірнеше рет мәлімдеген.