Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау керек пе?

Iran Nuclear

Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылғанына биыл 80 жыл толды. Саяси институттар мен саясаттанушылардың бір бөлігі БҰҰ-ның жұмыс құрылымы ескірді, реформа қажет десе, енді бір бөлігі реформа жүргізілгенімен, алпауыт елдер ымыраға келе алмаса, бәрі бекер дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау керек пе? | Демократия сабақтары

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықаралық қауымдастық осы ұйымды бейбітшілікті сақтауды мақсат етіп құрған еді. Ұйымның Қауіпсіздік кеңесіндегі вето өкілеті мен алпауыттардың текетіресі бұл миссияны орындауға тұсау болып тұр.

Кейінгі кездері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ-ды жиі сынап, оны реформалау керегін айтып жүр. Мысалы, 8 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауы кезінде "Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда" деді Тоқаев. Жыл басынан бері ол бұл мәселеге кемі бес рет (1, 2, 3, 4, 5) тоқталды.

БҰҰ миссиясы

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада Ұлттар лигасы дейтін үкіметаралық ұйым құрылған еді. Оның мақсаты – алапат соғысқа жол бермеу болатын. Бірақ көп ұзамай Еуропа қайтадан соғыс алаңына айналғаны мәлім. 85 миллионға жуық адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ үкіметінің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Украина жерінің біртұтастығы туралы қарарды дауысқа салып жатыр. Нью-Йорк, 24 ақпан, 2025 жыл.

Халықаралық ұйым XX ғасырдың екінші жартысында ондаған бітімге түрткі болып, жеті рет Нобель сыйлығын иеленді. Бірақ кейінгі жылдары геосаяси текетірес күшейгенде алпауыттарға сөзі өтпей, тығырыққа тірелді. Реформалауды ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш те, АҚШ, Ресей, Бразилия, Үндістан, Жапония, Швеция, Италия және Швейцария секілді елдер де, тіпті, геосаясатта салмағы аз шағын дамушы мемлекеттер де көтеріп отыр. Ал Қытай ұйымға балама ретінде өзі жетекшілік ететін Global Governance Initiative деген бастамасын таныстырып үлгерді.

Институт Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ахуалды және әлемдегі отарсыздандыру үдерісін реттеуге атсалысты. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын бекітіп, Суэц дағдарысы мен Конгодағы саяси диспутты шешуге септігін тигізді. Сондай-ақ, ұйым 1988 жылы Иран мен Ирак арасындағы соғысты тоқтатып, 1990 жылы Намибияның, ал 2002 жылы Шығыс Тимордың заңсыз оккупациядан босап, тәуелсіздік алуына мұрындық болды. Одан бөлек, өз елінде қысым көрген босқындар құқығын қорғап, гуманитарлық қолдау үйлестірумен айналысып келеді.

БҰҰ-ның еларалық мәмілеге келу үдерісін реттеуге негізделген құрылымында алты негізгі орган бар. Оның бірі – Қауіпсіздік кеңесі. Ең көп сын айтылып жатқаны да осы орган.

Кеңес еларалық конфликтіні тергеп, бейбіт шешімдер ұсынады, қажет болғанда оқ атуды тоқтату санкциясын бекітіп, әскери күш те қолдана алады. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесі саналады. Одан бөлек, Кеңеске тағы 10 ел сайлау арқылы қосылады. Уақытша мүше елдер 2 жыл сайын жаңарып отырады. 2017 жылы Қазақстан да кеңес жұмысына араласты. Өзара талқыдан кейін ұсынысты 9 мүше ел қолдаса, қабылданады. Ал санкция не әскери күшті қолдануға тұрақты мүше елдердің бәрінің келісімі болуы шарт. Біреуі вето жарияласа, шешім күшіне енбей қалады. Мысалы, Ресей Украинадағы атысты тоқтатуға негізделген резолюцияға үнемі қарсы дауыс берсе, АҚШ Израильді қолдап, Газадағы атысты тоқтату шешіміне вето қойып келеді.

Қытай Қауіпсіздік кеңесте тек кейінгі жылдары белсенді бола бастады. Әйтсе де, ортақ талқыға түскен 21 резолюцияны бұғаттап үлгерген. Ұлыбритания мен Франция ұйым құрылғалы бір рет те вето құқығын пайдаланбаған және өзге үш елді де өкілетін саяси мақсатта қолданбауға шақырып келеді.

Реформа талабы

Кейінгі жылдары "Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі ескірді ме?" деген сұрақты саяси институттар жиі қоя бастады. Мысалы, Geneva Center for Security Policy институтының жазуынша, Кауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінде бар вето өкілеті ұйымның "тең құқықтар" мен "суверенді теңдік" принциптерімен сәйкеспейді.

Германия, Бразилия, Жапония, Үндістан, Нигерия және Оңтүстік Африка республикасы кеңесті үлкейтіп, өздеріне вето өкілетін беруді сұрап жүр. Десе де, Democracy Without Borders институты Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдерді көбейту жеткіліксіз, оған қоса бес елді вето құқығынан айыру керек дейді. Бірақ экономикалық әрі саяси ықпалы үлкен елдер өзара мәмілеге келе алмаса, реформаның еш пайдасы жоқ дейтіндер де бар.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль мен Палестина жайлы сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 29 шілде, 2025 жыл.

Мысалы, Австралиядағы Лоуи институтының ғалымы Райан Ниламның сөзінше, Біріккен Ұлттар Ұйымында Украина мен Газадағысоғыс ең жиі талқыланатын мәселелер болса да, оны тоқтатуға шамасы жетпей отыр.

"Біріккен Ұлттар Ұйымына сөзсіз реформа қажет. Алайда оның тиімсіз көрінуі көбіне мүше мемлекеттердің ымыраға келуге құлықсыздығынан туындап отыр. Егер елдер Біріккен Ұлттар Ұйымын құру үшін кезінде оларды біріктірген идеядан алыстайтын болса, қандай реформа жасалса да, ұйымды құтқаруға жеткіліксіз болады. Ал ұйымның әлсіреуінің ауыр салдарын әуелі дауысы ең әлжуаз жандар, тамақ пен дәрі-дәрмекке мұқтаж жұтаң балалар мен бітімгерлік миссиялардың қорғауындағы бейбіт тұрғындар тартады", – дейді ғалым.

Америкалық Foreign Policy Association институтының ғалымы әрі БҰҰ жанындағы университеттің бұрынғы ректоры Дэвид Мэлоун қазіргі жағдай Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелеріне тиімді дейді. Себебі оларда вето құқығы бар.

"Жақында халық саны ең көп елге айналатын, өз ғарыш бағдарламасы, ядролық қаруы бар мемлекет Үндістан үшін Ұлыбританияның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болып, ал Үндістанның оған кірмеуі біртүрлі әділетсіз естіледі. Мұндай ойды көпшілік күткеннен әлдеқайда жылдам дамып келе жатқан дамушы әлемдегі басқа да бірқатар елдер құптайды. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесін реформаламау бүкіл ұйымның беделін түсіріп жатыр", – дейді Мэлоун.

Біріккен Ұлттар Ұйымын көп ел өз мүддесіне қарай сынап жатыр. Мысалы, Газаны бомбылап жатқан Израиль мен Украинаға басып кірген Ресей басшылары өздеріне БҰҰ жанындағы халықаралық қылмыстық соттың іздеу салғанын әділетсіз, біржақты шешім десе, АҚШ президентінің сауда тарифін енгізіп, халықаралық келісімдерден бас тартқаны БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіріп отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз елі БҰҰ-ның бірқатар ұйымынан шығатыны жайлы жарлыққа қол қойғанын көрсетіп отыр. Вашингтон, 4 ақпан, 2025 жыл.

Одан бөлек АҚШ президенті Дональд Трамп ұйымға қарасты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан және Адам құқықтары кеңесінен шығып, Вашингтон бөлген қаржының бір бөлігін қайтарып алды. Ал Африка, Оңтүстік Америка және Азиядағы салыстырмалы түрде бақуат елдер БҰҰ-нан тең өкілет беруін талап етіп келеді. БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарған Тоқаев та бұл дағдарыстан шығуға үлес қосқысы келеді. Бірақ әзірге нақты ұсыныстарын ашып айтпады.

"Мен жақында Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеймін. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдірмекпін", – деді ол биыл халыққа жолдауында.

БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы Нью-Йорк қаласында 23-29 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 193 елінің басшылары мен жоғары лауазымды өкілдері қатысады.

Сарапшылар БҰҰ-ның әлсіз тұсы – мүше елдердің ымыраға келмеуінде дейді. Мысалы, америкалық International Crisis Group институты іске асуы ең ықтимал реформа – Кауіпсіздік кеңесті кеңейтіп, ветоны тежейтін тетіктерді күшейту болуы керек деп жазды. Әйтсе де кеңестің тұрақты бес мүшесі ымыраға келмей, түбегейлі реформа жүргізу мүмкін емес дейтін пікір басым.