Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы венесуэлалық саясаткер Мария Корина Мачадоға берілді

Мария Корина Мачадо

Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы венесуэлалық саясаткер Мария Корина Мачадоға берілді. Сыйлықты тапсыру рәсімі 10 желтоқсанда Ослода өтеді.

57 жастағы оппозиционер "Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғау және диктатурадан демократияға бейбіт көшу жолындағы күресі мен тынымсыз еңбегі үшін" марапатталып отыр.

Мачадо — Венесуэла парламентінің бұрынғы депутаты. Ол 2014 жылғы жаппай наразылықтағы басты тұлғалардың бірі болды. 2024 жылы тамызда оны президент сайлауынан шеттеткен. Биыл қаңтарда – қайта сайланған Николас Мадуроның инаугурациясы алдында оны ұрлап әкеткен.

Нобель комитетінің жетекшісі Йорген Ватне Фрюднес The Telegraph басылымына берген сұхбатында биыл үміткерлерден өтініш көп түскенін атап өтті. Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алуға АҚШ президенті Дональд Трамп та үмітті екені белгілі болған. Бірқатар БАҚ оның осы сыйлықты армандайтынын жазған.

Ол бірнеше соғысты тоқтатқанын үнемі айтып келеді. Оның номинациясын Израиль, Пәкістан, Камбоджа, Әзербайжан, Армения, Руанда, Габон басшылары қолдаған.

Бірқатар сарапшы оны марапаттау президенттің беделіне әсер етуі мүмкін екенін, ал оның бейбітшілік бастамалары сыйлыққа өтініш берудің соңғы күні - 2025 жылдың 31 қаңтарынан кейін жүргізілгенін алға тартқан.