Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы адам құқығы туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің есебі елде жүріп жатқан реформаларды "толық көрсетпейді" деп мәлімдеді. Бұл жөнінде BES.media жазды.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы басты конвенцияларын ратификациялаған және Астана "ұлттық заңнаманы жетілдіру және адам құқығын қорғау тәжірибесі (азаптау, әйелдерге күш қолдану және тағы басқа жайттармен күрес) бойынша бірізді жұмыс жүргізіп жатыр".
"Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ мемлекеттік департаментінің адам құқықтары жөніндегі есебін ең алдымен сараптамалық құжат ретінде қарастырады және оны екіжақты диалогтың элементі деп санайды. Жалпы алғанда есеп жүргізіліп жатқан реформаларды нақтылау және тереңірек түсінуге ықпал ету мақсатында Қазақстан мен АҚШ арасындағы конструктивті диалогтың маңыздылығын кезекті рет дәлелдей түседі" деп жазылған СІМ-нің басылымға берген жауабында.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, АҚШ мемлекеттік департаментінің есебі және халықаралық әріптестерден түскен өзге де құдаттар ұлттық саясатты қалыптастырған кезде ескеріледі.
АҚШ мемлекеттік департаменті 2024 жылғы Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебін тамызда жариялаған. Онда сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығы Конституцияда бар болса да, үкімет "сөз еркіндігін тұншықтырып, ұстау, түрмеге қамау қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту, шектейтін заң қабылдау, бопсалау, аккредитация ережелерін өзгерту, троттлинг жасау, интернетті шектеу арқылы баспасөзге ықпал етуге тырысып жатқаны" жазылған.
Есепке қарағанда, үкімет азаматтардың билікті сынау мүмкіндігін шектеген. Есеп авторларының тұжырымдауынша, жыл бойы Қазақстанда адам құқығы саласында ірі оң өзгерістер болмаған.
Есепте сонымен бірге елде жұмысшылар кәсіподағын тіркеудің қиындағаны, үкіметтің тәуелсіз кәсіподақтардан гөрі мемлекеттік кәсіподақтарға артықшылық беруі сияқты құбылыстар атап өтілген. Қамау орындарында күдіктілердің адвокаттарымен сөйлесу құқығының шектелуі, тергеу, түрмедегі кезіндегі қысым мен азаптау, күдіктілерді күштеп мойындату сияқты жайттар тыйылмағаны айтылған.