Астана тұрғыны "терроризмді насихаттағаны үшін" жеті жыл түрмеге кесілді

Астанада Telegram арқылы терроризмді насихаттады деп айыпталған әйел жеті жыл түрмеге кесілді деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі. Хабарламада сотталушы әйелдің Сириядағы террористік топтардың ісіне қатысу үшін сол жаққа кетуге оқталғаны жазылған.

"Басты сот талқылауы кезінде сотталушы Telegram-тағы топтық чатта діни себептермен қарулы қақтығыстар туралы оң пікір айтқаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестік топ мүшелеріне күйеуге беру үшін Сирияға баруды талқылағаны анықталды" деп жазылған прокуратура хабарламасында.

Сотталушы әйел Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалған кезде Алматы әуежайы аумағында ұсталған деп айтылады.

Хабарламада сотталушының тағылған айыптарды мойындағаны-мойындамағаны айтылмаған.

Қазақстанда Сириядағы террористік топтарға қатысы бар деп күдікке ілінгендердің үкімдері жиіледі. Сәуірдің басында Жезқазған қалалық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырған. Сот мәліметінше, сотталушы 2017-2018 жылдары Сирия аумағында жүріп, мессенжер арқылы Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын жақынына радикалды діни материалдап жіберіп, осылайша терроризмді насихаттаған.

Қазақстан заңнамасы азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады. Бұған дейін ДАИШ террористік ұйымына қатысы болған Сирия мен Ирактан оралған қазақстандықтардың көбі елге оралғаннан кейін сотталған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сириядағы соғыстан кейін арбаға таңылған жігіт: Соңғы күндерімді анамның жанында өткізсем деймін