АҚШ вице-президенті: Ресей Украина жөнінде келіссөз өткізуден бас тартып отыр

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында кейінгі апталарда Ресей Украинаға қатысты екіжақты келіссөздерден, сондай-ақ АҚШ-ты қамтитын үшжақты кездесулерден бас тартқанын мәлімдеді.

"Біз әлі де бейбітшілікке мүдделіміз, бірақ танго билеуге кемінде екі адам керек", — деді Вэнс. Дегенмен ол Мәскеу "оянып, шындықты қабылдайды" деген үміт білдірді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп үшжақты кездесу өткізуге үміт артып отырғанын айтқан еді. Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу мүмкіндігін жоққа шығармағанымен, Киевпен негізгі мәселелер бойынша ымыраға келу мүмкін еместігін алға тартқан.

Сонымен бірге Трамп әкімшілігі НАТО елдері арқылы Украинаға алыс қашыққа ұшатын "Томагавк" қанатты зымырандарын жеткізу мүмкіндігін талқылап жатыр деген ақпарат бар. Вице-президент Вэнстің айтуынша, түпкілікті шешімді АҚШ мүдделеріне сүйене отырып президент Трамп қабылдайды.

Бұған дейін The Wall Street Journal газеті Трамп Киевке "Томагавк" сынды алыстағы нысанаға жете алатын қару-жарақ беруге қарсы емес деп жазған. Алайда Axios дереккөздері оның әлгіндей қаруларды НАТО арқылы жеткізуге қарсы екенін айтады.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте Ресей мен Украина арасындағы соғыс келіссөздермен аяқталатын шығар деп мәлімдеген. Ол бітім орнаған жағдайда Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері берілетін болады деп айқан.