АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Дик Чейни қайтыс болды

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Дик Чейни

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Дик (Ричард) Чейни 84 жасында өмірден өтті. Отбасының хабарлауынша, ол дүйсенбі, 3 қараша күні кешке пневмония салдарынан асқынған жүрек-қан тамыр аурулары кесірінен қайтыс болған.

"Дик Чейни ондаған жыл бойы елімізге адал қызмет етті. Ол Ақ үй әкімшілігінің жетекшісі, Вайоминг штатынан сайланған конгрессмен, қорғаныс министрі және Америка Құрама Штаттарының вице-президенті қызметтерін атқарды", – делінген отбасы таратқан мәлімдемеде.

1980-жылдардың аяғында, үлкен Джордж Буш президент болған кезде АҚШ қорғаныс министрлігін басқарған Дик Чейни жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында, 2001-2009 жылдары АҚШ президенті кіші Джордж Буштың билігі тұсында вице-президент лауазымында қызмет атқарды. Ол 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін Джордж Буш әкімшілігі бастаған "терроризмге қарсы соғыс" саясатының басты тұлғаларының бірі болды.

Саясатқа келмес бұрын Чейни америкалық Halliburton қорғаныс компаниясының бас директорлар кеңесін басқарды.

АҚШ-тың Республикалық партиясындағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі ретінде танылған Чейни 2024 жылғы президент сайлау науқаны кезінде Демократиялық партияның кандидаты Камала Харриске қолдау білдірді.

CNN медиасының хабарлауынша, Чейни өмірінің көп бөлігінде жүрек-қан тамыр ауруларынан зардап шеккен. Ол бірнеше рет жүрек талмасын өткеріп, 2012 жылы жүрек трансплантациясын жасатқан.