Алматыда тергеу изоляторында судьяның өлімінен кейін тергеу басталды

Алматыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Алматыда тергеу изоляторында әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Дастан Слямқұлов қаза болғаннан кейін тергеу басталды. Бұл жөнінде ҚазТАГ жазды.

"Қамауда болған ер адам тергеу изоляторында кенеттен қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүрек ауруынан қайтыс болған. Оның өлімі бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп хабарлады қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.

Журналист Михаил Козачковтың телеграм-арнасының жазуынша, судья былтыр "пара алу" және "алаяқтық" күдігімен ұсталған.

Арнаның жазуынша, жұма күні түстен кейін күдіктіні кездесу бөлмесіне апара жатқан кезде оның жағдайы күрт нашарлаған. Қызметкерлер алғашқы көмек бергенмен оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі оның қайтыс болғанын айтқан.